Үкімет отырысында Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жол қозғалысы мен жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері жол-көлік оқиғаларының саны 42%-ға, зардап шеккендер саны 52%-ға артқан.
Жолдардағы жағдайды жақсарту үшін ведомство автомектептерді лицензиялауды енгізу, заңсыз тасымалдаушыларға қатысты шараларды күшейту, сондай-ақ жол инфрақұрылымын дамытуды ұсынды. Атап айтқанда, төрт немесе одан да көп жолақты жолдар салу, жаяу жүргіншілер өткелдерін, тротуарлар және жарықтандыру қондырғылары санын көбейту, сондай-ақ бейнетіркеу жүйелері желісін кеңейту қажет. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысы Жолдауында жол қауіпсіздігін азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығына тікелей әсер ететін проблема деп атағанына тоқталды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР Премьер-министрі:
— Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, елімізде жол-көлік оқиғалары мен адам өлімі азаймай отыр. Көп нәрсе жол ережесін жиі бұзатын көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілерге, сондай-ақ жол инфрақұрылымының жағдайына байланысты. Айта кететін жайт, жазатайым жағдайлардың басым бөлігінің алдын алуға болатын еді. Мысалы, адамдар негізінен жаяу жүргіншілер инфрақұрылымының, жарық пен тротуарлардың жоқтығынан ажал құшады.
Премьер-министр өңір әкімдіктеріне азаматтардан үнемі шағым түсетін жолдардың қауіпті учаскелеріне қатысты мәселелерді жедел шешуді тапсырды. Бұл ретте заңнамалық қатаң шаралардың қабылданғанына қарамастан, жыл өткен сайын көлік жүргізу және жолды кесіп өту мәдениеті төмен күйінде қалып отыр. Жауапқа тартылған жүргізушілердің саны артуда, алайда жағдайдың түзелгені байқалмайды. Премьер-министр жолаушылар тасымалын бақылау бойынша да тиімді тетік жоқтығына назар аударды.
Бұл қала ішіндегі және қалааралық бағыттардың бәріне қатысты. Сонымен қатар, өңірлерде жолға шыққан балаларды арнайы көлікпен алып жүру ережесі сақталмайды. Олжас Бектенов бірнеше бағыт бойынша бірқатар тапсырма берді. Жол инфрақұрылымын дамыту бойынша Көлік министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, автомобиль жолдарын салу, күрделі жөндеу және күтіп ұстау кезінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту тапсырылды.