Солтүстікқазақстандықтар әлем чемпионы Наталья Богданованы аэропорттан қарсы алды. Еске сала кетейік, солтүстікқазақстандық былғары қолғап шебері Ливерпульде өткен дүбірлі додада әлем чемпионы атанды. Жерлесіміз ақтық сында аустралиялық Лекейше Перголитимен жұдырықтасты. Наталья жекпе-жек барысында қарсыласынан тактикалық тұрғыда басым болды. Дөп соққылар бағыттап, шабуылдауына мүлдем мүмкіндік бермеді. 3 раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан теріскейлік спортшыны жеңімпаз деп таныды. Тиісінше, боксшымыз мансабында алғаш рет әлем чемпионатының алтын медаліне ие болды. Айта кету керек, Наталья Богданова жеңіс жолында барлығы – 4 жекпе-жек өткізді.