СҚО әкімдігі

Солтүстікқазақстандық диқандар Президенттің қатысуымен өткен кеңеске онлайн режимде қатысты

Мемлекет басшысы Ақмола облысында диқандармен егін жинау науқанына арналған кеңес өткізді. Шараға Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар облысының еңбеккерлері бейнебайланыс режимінде қатысты. Жиын барысында Президент әр өңірге саланы дамытуға арналған бірқатар тапсырма берді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Біз тек жаппай цифрландыру арқылы экономиканының барлық саласында ашықтық пен тиімділікті қамтамасыз ете аламыз. Мен бұл мәселеге Жолдауда жан-жақты тоқталдым. Ауыл шаруашлығына цифрлық технологияны тезірек енгізу қажет. Егін мен мал шаруашылығындағы үдерістерді толық қадағалап отыру үшін заман игіліктері ауадай қажет. Бұл жұмысты IT-бизнеспен бірлесе отырып атқарған жөн. 

Алқалы жиын барысында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысына өңірдегі орақ науқанының қалай жүріп жатқандығы жайында баян етті. Бүгінде аймақта маңызды кезең 40 пайызға аяқталды. Шамамен 2 млн тонна астық бастырылып, орташа өнімділік 16,5 центнерді құрап отыр. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаудың арқасы.

Биыл облыста саланы қаржыландыру көлемі 150 млрд теңгеге жетті. Өнімділікті арттыру мақсатында 340 мың тонна тыңайтқыш сатып алынды. Алқаптарға 52 жарым мың тонна элиталық тұқым себілді. Күзгі дала жұмыстарына 68,6 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Облыстағы астық сақтау орындарының сыйымдылығы 7 млн тоннаны құрайды. Президент отырыс барысында әр өңірге заман игіліктерін салаға тездетіп енгізумен қатар, егістікті әртараптандыруды тапсырды.