Ақжар ауданының 46 жастағы тұрғыны скутерге мас күйінде мініп алған. Қос дөңгелекті көлік құралымен жүйткіген ер адамның жүргізуші куәлігі де жоқ. Оның мастығы медициналық сараптамамен де дәлелденді. Өзіне де, өзгеге де қауіп төндірген аудан тұрғыны 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Жалпы, соңғы 3 күн ішінде өңір полицейлері алкогольдік масаң күйде көлік басқарудың 18 дерегін анықтады. Құқық қорғаушылардың айтуынша, мұндай күйдің соңы жолда соқпақты болуы мүмкін. Облыста екі күн қатарынан өткен «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында тәртіп сақшылары қоғамдық орында мас күйде жүрген 170-тен астам адамды ұстады. Түнде заңды өкілсіз көше кезген 63 жасөспірім анықталып, көші-қон заңнамасын бұзудың 25 дерегі тіркелді. Сонымен қатар, заңсыз немесе ережеге сай сақталмаған 6 бірлік тегіс ұңғылы қару тәркіленді.