“Green Gold Ilyichevka Factory” – Тайынша ауданындағы Ильичевка ауылында орналасқан кәсіпорын. Мұнда ауыл шаруашылығы жануарларына арналған құрама жем өндіреді. Қазіргі таңда мұнда 40 адам еңбек етеді. Құрал-жабдықтар – қытайлық. Кәсіпорын қуаттылығы сағатына 80 тонна өнім шығаруға жетеді. Кәсіпорын тауары экспортқа да бағытталады. Жоба “DAMU” қорының қолдауымен жүзеге асқан. Құйылған қаржы көлемі 2,8 млрд теңгені құрайды. Жұмыс қарқыны қызу, алдағы жоспар да ауқымды.
РУСЛАН ШАЯХМЕТОВ, “Green Gold Ilyichevka Factory” ЖШС директоры, Тайынша ауданы:
— Біз кіреберіс жолдарды кеңейтіп, өзіміздің құрама жемді тасымалдауға арналған бірнеше вагон сатып алуды көздеп отырмыз. Сонымен қатар, өнім сақтайтын қойманы кеңейтіп, астық тазалайтын құрал-жабдық алуды жоспарлаудамыз.
Ал бұл – “Тайынша Май” серіктестігі. Мұнда майлы дақылдар қайта өңдеудің нәтижесінде өсімдік майы өндіріледі. Кәсіпорын – қазақстандық және қытайлық тараптардың бірлесіп жүзеге асырған жобасы. Өндіріс орнына “Даму” қоры пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілген.
Бүгінде кемеліне жетіп, ТМД елдері бойынша жылына 360 мың тонна рапс өндіре алатын жалғыз кәсіпорынға айналып отыр. Мұнда тәулігіне мың тоннаға дейін шикізат өңдеуге мүмкіндік беретін еуропалық жабдықтар орнатылған. Айта кеткен жөн, дәннің барлық түрі алдымен зертханада мұқият тексеруден өтеді.
МӘНШҮК ЗАРДЫХАН, “Тайынша Май” ЖШС зертхана меңгерушісі:
— Зертханада біз рапстың ГОСТ талаптарына сәйкестігіне қарай қабылдап, тексереміз. Кейін оны престеуге цехқа жібереміз. Нәтижесінде рапстан май мен күнжара алынады. Майды біз экспортқа шығарамыз, ал күнжараны бүкіл Қазақстан бойынша сатамыз.
Бүгінгі таңда Тайынша ауданы даму үстінде. Оған оның орналасқан жері де зор септігін тигізуде. Бүгінгі таңда өңірде агрөнеркәсіпке ерекше назар аударылған. Аудандағы егістік жер көлемі 600 мың гектардан асады.
БЕРІК ӘЛЖАНОВ, Тайынша ауданының әкімі:
— Биыл біз егістік алқаптарын әртараптандыру жұмыстарын жүргізудеміз. Негізгі басымдықты жоғары маржиналды майлы дақылдарға беріп отырмыз. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қосымша зор табыс әкеледі. Шикізат бар жерде мүмкіндік те бар. Мемлекет басшысы тапсырма берді, демек инвестиция тарту, терең өңдеумен айналысу және азық-түлік өндірісін дамыту қажет. Бұл – біздің басты міндетіміз, осы бағытта жұмыс істейміз.
Жалпы, 2025 жылдың басынан бері «DAMU» қоры кепілдендіру және субсидиялау құралдары арқылы 300-ден астам солтүстікқазақстандық жобаны қолдады. Оның шамамен 10 пайызы – тайыншалық кәсіпкерлердің бастамалары.
АЙША ҚАБДРАХМАНОВА, «DAMU» КДҚ АҚ СҚО бойынша филиалының жобаларды сүйемелдеу жөніндегі менеджері:
— “DAMU” қоры кәсіпкерлерге кепілдікпен субсидиялау арқылы көмектесуде. Бізді кепілдік беру аясында “Кепілдік қоры-1” және “Кепілдік қоры-2” бағдарламалары бар. Сондай-ақ, “Өрлеу” бағдарламасы белсенді іске асырылып жатыр. Бұл қолдау жүйесі бойынша кәсіпкерлер 12,6% несие алады.
“Кепілдік қоры-1” бағдарламасы шағын, орта және ірі бизнес субъектілеріне арналған. Қаржыландыру сомасы 7 млрд теңгеден аспайды, кепілдік мөлшері – осы соманың 85 пайызына дейін. Ал “Кепілдік қоры-2” бағдарламасы ірі инвестициялық жобаларды қолдауға арналған. Мұндағы қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгеден жоғары болуы мүмкін.
Ақтолқын Солтанханқызы