Қоғам

Әйелінің мұрнын сындырған ер адам 25 тәулікке қамауға алынды

Петропавлда 41 жастағы ер адам ішіп алып, азаматтық некедегі әйелін соққыға жыққан. Сөйтіп, қосағын аяқпен теуіп, мұрнын сындырыпты. Айтуынша, әйелін ұрғаны есінде жоқ. Ер адам сот шешімімен 25 тәулікке қамауға алынды. Сондай-ақ, оған бір жылға арнайы талаптар қойылып, алкогольдік ішімдік ішуге тыйым салынды. Полицейлер облыста жыл басынан бері жеңіл дене жарақатын салу және соққы беру дерегі бойынша 250-ге тарта арыз қабылдаған. Оның 100-ге жуығы тұрмыстық қатынастар саласына қатысты. Жалпы, биыл тұрмыстық құқықбұзушылық жасаған 1700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2 мыңға жуық қорғау нұсқамасы шығарылған. 700-ден астам жағдайда сотпен құқықбұзушыларға арнайы талап қойылыпты.