Мұрат Қаражұманов 38 жыл бойы Мамлют ауданындағы “Мамбетов и К” КС механизатор болып еңбек етеді. Баласы да әкесінің жолын қуған. Әйелі де аталған шаруашылықта жұмыс істейді. Бір қызығы, азаматтың ағайын-бауырлары да осы салада тер төгеді. Ауыл шаруашылығындағы бүтін бір династия десек артық айтқандық емес. Себебі, қазіргі таңда серіктестіктерде еңбеккерлерге бар жағдай жасалған. Жалақылары да жоғары.
МҰРАТ ҚАРАЖҰМАНОВ, “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:
— Ата-бабаларым да осы салада еңбек еткен. Біз де олардың жол қудық. Халықтың дастарханына нан жету үшін аянбай еңбек ете береміз.
Мұрат Кеңесұлы осымен биыл 42 жыл орақ науқанына шығып отыр. Азамат масақтан-ақ бүтін бір алқаптағы шығымдылықты анықтай алады екен. Оның сөзінше, 2000-2010-шы жылдар мен қазіргі заманды мүлдем салыстыруға келмейді. Бүгінде жаңа техниканы тізгіндеп жүрген механизатор оның жайлылығын сөзбен айтып жеткізе алмайсың дейді. Іші кең, жүргізуге де ыңғайлы екен. Ол мемлекет тарапынан салаға бөлініп жатқан қолдауға дән риза.
МҰРАТ ҚАРАЖҰМАНОВ, “Мамбетов и К” КС механизаторы, Мамлют ауданы:
— Әулетімізбен осы салада еңбек еткенімізге өкінбейміз. Інілерім бригадир және механизатор болып жұмыс істейді. Бір қарындастарым серіктестікте аспаз, енді бірі сауыншы болып еңбек етеді.
Қаражұмановтар әулетінің саладағы еңбек өтілі 350 жылдан асады. Ауыл шаруашылығы – оларға жай ғана мамандық емес, мұраға айналған кәсіп. Еңбеккерлер балалары мен немерелерінің де ауыл шаруашылығында тер төккенін қалайды.
Нұрасыл Ахмет