“Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік – 90 жыл” атты республикалық экспедиция мүшелері бүгін Петропавл қаласының тарихи нысандарын аралауда. Қонақтар ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан шақта әдебиеттің темірқазығы болып табылатын тұлғамыздың ескерткішіне тағзым етуге келген. Шараға облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен өңіріміздің белді азаматтары мен студенттер қатысты.
ЕЛДОС ТОҚТАРБАЙ, алаштанушы, этнограф:
— Қазақ ұлт-санасынаң қалыптасу көкжиегінде Абай Құнанбайұлының орны ерекше. Бүгін біз Қызылжар қаласына келгенде тарихи мәні бар “Абай және Пушкин” ескерткішіне гүл шоғын қойып тағзым ету ойымызда бар. Бұл – екі елдің достығының айқын дәлелі. Сондай-ақ, осы экспедиция ұйымдастыру мақсатындағы Зейнолла Сәнік те – сол шекараның ар жағында туған азамат.
“Абай мен Пушкин” ескерткіші екі елдің ұлы ақын-жазушыларына көрсетілген құрметтің дәлелі десе болады. Нар тұлғалар – бір елдің біртуар азаматтары. Біздің өңірде де көптеген даңқты ақын-жазушылар дүниеге келген. Бұл жайлы республикалық экспедиция мүшелері де айта кетті.
ҮЗЕН ҚҰРМАНБАЙ, этнограф-ғалым:
— Қызылжар – тарихи жер. Мұнда М. Жұмабаев, Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов сынды тұлғалардың ізі қалған. Бұндай қасиетті жердің қасиетті топырағының өзі қандай тамаша? Осы өлкеге табан тірегеніме қуаныштымын.
Жалпы, бүгінгі республикалық экспедиия мүшелерінің жергілікті университеттегі кездесуі нәтижесінде Зейнолла Сәнік атындағы аудитория ашу туралы мәміле жасалыпты.
Ақтолқын Солтанханқызы