“Тәрбие – тал бесіктен” демекші, баланың өсіп-жетілуінде ата-ананың рөлі айрықша. Осы тақырып аясында қалалық №4 орта мектепте белсенді ата-аналар бас қосты. Олар жанұядағы тәрбиенің маңызы мен отбасы құндылықтары жөнінде ой бөлісті. Динара Есембекова – екі қыз тәрбиелеп отырған ана. Үлкені жоғары оқу орнында оқиды, ал кенжесі әлі мектеп қабырғасында білім алады. Нәзікжанды мектеп ішіндегі түрлі шараларға белсенді қатысып тұрады. Өзі де жергілікті университетте ұстаз болып еңбек етеді. Жұмысы жастармен тығыз байланысты болғандықтан, өз балаларымның да әрдайым сырласы болуға тырысамын дейді.
ДИНАРА ЕСЕМБЕКОВА:
— Баланың өміріне көбірек қатысу керек. Ата-аналар ұл-қыздарымен сөйлесе білуі қажет. Ішінде мәселелері болса бірге талқылап, қолдау көрсету маңызды деп ойлаймын. Осындай шаралар жиі өткізілсін деп үміттенемін. Себебі, осы арқылы ата-аналар өз балаларын түсінуге тырысады. Менің ойымша, біз алдымен баланы емес, ата-аналарды тәрбиелеп алуымыз керек.
Ерекше челлендж: жыл соңына дейін 50 кітап оқыған адамға сыйлық беріледі
Шараның №4 орта мектепте ұйымдастырылуы бекер емес. Биыл білім ұясына 50 жыл толыпты. Осы мақсатта мектеп ұжымы кітап оқу челленджін ұйымдастырған. Яғни, оқу жылының соңына дейін 50 кітап оқыған адамға су жаңа велосипед тарту етіледі. Жеңіпазды арнайы құрылған комиссия анықтайды.
ЖАНАТ МҰХАМЕДЖАНОВ, “Сенімен Болашақ” РҚБ СҚОФ жетекшісі:
— Семинар-тренингтің негізгі мақсаты – бала мен ата-ана арасындағы қарым-қатынасты жақсарту. Бүгінгі күні өздеріңіз білесіздер, балалар көбінесе гаджеттерге тәуелді. Оның қалай алдын алуға болады? Жалпы, баланың мінезін, психологиясын қалай түсінуге болатыны жайлы тәжірибе алмасамыз.
Шараға психологтар да қатысты. Жиналғандар ашық әңгіме құрып, бала тәрбиесі мен ата-ана жауапкершілігі жайында пікір алмасты.
Ақтолқын Солтанханқызы