Спорт

“Солтүстік дербиі”. “Қызылжар” ФК көптен күткен жеңіске жетті

Сенбі күні Петропавлда «Солтүстік дербиі» өтті. “Қызылжар” футбол клубы өз алаңында көкшетаулық “Оқжетпесті” қабылдады. Ойын бастала салысымен теріскейлік команда жаппай шабуылға лап қойды. Нәтижесінде 4-ші минутта қарсыластың қателігін ұтымды пайдаланған африкалық шабуылшы Сенин Себаи есепті ашты.

Қақпаларына гол өткізген көкшетаулықтар ойын тізгінін өз қолдарына алды. Әдемі пастар мен комбинациялар “Оқжетпеске” өз пайдасын әкелді. Қонақ команда бірінші таймның соңында есепті теңестірді. «Солтүстік дербиі» болғасын матчқа жанкүйерлер көптеп жиналған. Бәрі теріскейлік команданың тілеуін тілеп отыр.

Екі команда да бір-біріне дес берер емес. Алаңның әр бұрышында допқа талас жүргізілді. “Қызылжарға” тек жеңіс керек. Бұны түсінген қырандар қарсылас қақпасына шабуылды қарша боратты. Нәтижесінде есепте алға шықты. Жеңіліп жатқан қонақтар бар командасымен қызылжарлықтарды қыспаққа алды. Сондай сәттердің бірінде қателікті ұтымды пайдаланған Сенин Себаи дубль жасап, теріскейлік ұжымға көптен күткен жеңіс әкелді. Есеп – 3 те 1.

Айта кету керек, “Қызылжар” ФК келесі ойынын сырт алаңда чемпионат фавориттерінің бірі – “Ақтөбемен” өткізеді.