Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Жамбыл ауданында өтіп жатқан егін жинау науқанының барысымен танысты. Бүгінде 312 мың гектар егіс алқабының шамамен 35 пайызы жиналған. Аграрлық сала өкілдері заманауи технологияларды тиімді қолданып өнім сапасын арттырып отыр. Облыс әкімінің айтуынша, уақытылы қаржыландыру мен мемлекеттік қолдау аграрлық саладағы өнімділікті арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беруде.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Қаржыландыруды біз қараша айынан бастаймыз. Яғни, жылды күтпей, ерте бастаймыз. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Естеріңізде болса, ауыл шаруашылығына жетекшілік ететін вице-премьер Серік Жұманғарин келген болатын. Әрине, бүгінде «Даму» қоры кепіл мүлкінің 85 пайызға дейінгі жетіспеушілігін жабуға мүмкіндік беріп отыр, бұл әсіресе шаруашылық субъектілері үшін өзекті мәселе. Осындай негізгі қаржылық тетіктер ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне мол өнім алуға көмектесті деп есептеймін.
Ауа райының қолайсыздығына қарамастан диқандар астықтың сапасы мен шығымына сенім артып отыр.
ОЛЕГ АДАМ, «Шатило и К» ЖШС директоры:
— Үшінші класты бидай аз, негізінен төртінші класты бидай көбірек. Еуропалық сорттар төртінші класты береді, ал отандық сорттарды әлі жинаған жоқпыз. Биыл өнім сапасы жақсы, өткен жылмен салыстырғанда жоғары. Өткен жылы орта есеппен 29 центнер алған едік, биыл одан да жоғары болады деп күтеміз.
Ауданда жаңа сүт-тауарлы кешен іске қосылуға дайын. Құрылысы 2024 жылдың тамызында басталған нысанның алғашқы кезеңі аяқталды. Кешен жылына 2 мың тоннадан астам сүт өндіреді деп жоспарланып отыр. Жақын арада ірі қара мал жеткізіледі. Екі апта бұрын кешеннің екінші кезеңінің құрылысы басталды. Мердігерлер нысанды жыл соңына дейін толық аяқтауға уәде беріп отыр. Жобаның кеңеюін ескере отырып, оның жалпы құны жабдықтармен қоса есептегенде шамамен 2,5 млрд теңгені құрап отыр.
ДАНИИЛ СЕМЕНОВ, «ЮГВА» ЖШС директорының орынбасары:
—Мұнда 20-ға жуық адам жұмыс істейді, барлық техника жұмылдырылған. Біз бұл жобаны биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бірінші кезең 99% дайын, енді тек мал келгеннен кейінгі іске қосу жұмыстары қалды. Мал шамамен 20-шы қазан күні келеді деп күтілуде.
Сондай-ақ, облыс әкімі «Мамлютка – Қостанай» автожолының 63 шақырымдық учаскесінде жүріп жатқан орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігерлер жоспарланған жұмыстың жартысына жуығы аяқталғанын айтты. Жоба құны 7,5 млрд теңгені құрайды.
ТАЛҒАТ СМАҒҰЛОВ, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ СҚО филиалының директоры:
— Бұл жобада «Қызылжар Жолдары» мен «Қазстройтехник» компанияларының өз асфальт-бетон зауыттары бар. Сағатына 120 тонна асфальт-бетон қоспасын шығарады. 2 бригада жұмыс істеп жатыр – Мамлют ауданында 6 учаске, Жамбыл ауданында 4 учаске. Барлығы тәуелсіз 2 бригада бар. Күніне 2 шақырымға дейін асфальт төселуде.
Өңір басшысы жөнделіп жатқан жолдардың сапасын қатаң бақылауға алып, мерзімнің сақталуын қадағалауды тапсырды.