Спорт

Петропавлда байкерлер маусымы жабылды

Петропавлда демалыс күндері мотомаусым аяқталды. Темір тұлпарын сайлап, былғары киім киген байкерлер Пестрое көлінің маңына жиылды. Түрлі ұлт өкілдерінен құрылған ұжым өздерін бір үлкен отбасы санайды. Өйткені, бәрінің қызығушылықтары бір. Ол – мотоспорт.

КИРИЛЛ МАЙСАК, “Северный ветер” мотоклубының директоры, Петропавл қаласы:

— Ауа райы әдеттегідей жақсы. Біз Петропавл көшелері арқылы жүріп өтіп, қала сыртына шығамыз. Онда достарымызбен әңгіме-дүкен құрып, бір жыл ішінде кім қандай жарыстарға қатысып, қандай жетістіктерге жеткендерін талқылаймыз. Жаңа қосылған байкерлерге ақыл-кеңестерімізді айтып, жолда жүру ережелерін сақтауды ескертеміз. Маусымның жабылғаны, әрине, өкінішті. Көктемді асыға күтетін боламыз.

Мына мотоциклдер қуаты мен бағасы жағынан бір-бірінен асып түседі. Ең кішкентайының өзінде бақандай 50 аттың күші бар. Бағалары да кемінде 1 млн 500 мыңнан басталады. Игорь Долгорожев 15 жасынан бастап мотоцикл жүргізеді. 50 жылға жуық өтілі бар. Азамат талай мәрте жол-көлік оқиғаларына түскен. Сонда да хоббиін ешқашан тастамапты. Қазіргі таңда аталған темір тұлпарларды әсемдеумен айналысады.

ИГОРЬ ДОЛГОРОЖЕВ, “Северный ветер” мотоклубының мүшесі, Петропавл қаласы:

— Көбінесе сынған мотоциклдерді сатып алып жөндеймін. Содан соң әрлеп қымбатқа сатамын. Кішігірім кәсіп деп айтсам болады. Бүгін жан-жақтан келген достарыммен кездесіп, әңгіме-дүкен құрудамыз. Өз басым мотоциклмен жүргенде еркіндікті, ескен самал желді сезінемін. Қолымнан әл кеткенше бұл хоббиді тастамаймын.

Жолға шығар алдында мотоциклін тізгіндеген жандар өзара сөйлесіп, ереже түсіндірілді. Жалпы, салтанатты шараға жүзге жуық байкер қатысты. Араларында тіпті, өзге өңірлер мен Ресейден келгендері де бар.

 

Нұрасыл Ахмет