МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі қытайлық инвесторлармен кездесті

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қытайлық “Gansu International Logistics Group” компаниясының өкілдерімен кездесті. Аспан асты елінен келген жандардың теріскейде, дәлірек айтсақ, Тайынша ауданында астықты қайта өңдейтін зауыт салмақ ойлары бар. Сол себепті, жергілікті әкімдіктен жобаларды жүзеге асыру үшін көмек сұрай келіп отыр. Өңір жетекшісі өз сөзінде бастаманы қолдайтынын жеткізді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Облыс көп жылдан бері қытайлық компаниялармен біте-қайнаса жұмыс істеуде. 2016 жылы сіздердің жерлестеріңізбен бірлесіп “Тайынша Май” серіктестігін аштық. Жоба құны – 7 млрд теңге. Қазіргі таңда өңірде аспан асты елінен келген инвесторлар ауыл шаруашылығы техникасын жасайтын зауыт салуда. Тартылған инвестиция көлемі 2 млрд теңгеден асып жығылады. Біз әрқашан серіктес болуға дайынбыз. Тек талмай еңбек етсеңіздер болғаны.

Бүгінде облыстың Қытаймен сыртқы сауда айналымы 76 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. “Жүз рет естігенше, бір рет көр” демекші, қытайлық делегацияны бастап келген Чжан Тицян мырза осыған дейін өңіріміз жайлы естігені болмаса, келмеген екен. Сондықтан болар, мейман теріскейдің сұлу табиғаты мен егіс алқабын көріп тәнті болған. Тағы ол аймақтағы инвесторларға жасалған жағдайды естіп, таңданысын жасырмады.

ЧЖАН ТИЦЯН, “Gansu International Logistics Group” компаниясының бас директоры:

— Сіздердің өңірді тегіннен-тегін таңдап отырған жоқпыз. Себебі, СҚО – ауыл шаруашылығы бойынша Қазақстандағы беткеұстар аймақтардың бірі. Біз де Қытайдағы ең беделді логистикалық компаниялардың біріміз. Сенімдеріңізді ақтауға уәде береміз. Кәсіпорынға сіздер көрсеткен қолдаудың қайтарымы болып, өңір экономикасының өркендеуіне жол ашылатынына сенім мол.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында инвестиция тартуға ерекше көңіл бөлді. Осы бағытта өңірде ауқымды жұмыс атқарылып келеді. Қазіргі таңда облыста 894 млрд теңгенің 51 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Келген меймандардың ұсынған жобасы облыс әкімінің көңілінен шықты. Қараша айында жергілікті әкімдік өкілдері Астанада барлық қытайлық серіктестерімен кездесу өткізеді. Аталған маңызды шарада тараптар арасында бірқатар ресми келісімге қол қойылады.

 

Нұрасыл Ахмет