Спорт

Наталья Богданова – әлем чемпионатының жеңімпазы!

Бөркінді аспанға ат, теріскей! Солтүстікқазақстандық былғары қолғап шебері Наталья Богданова әлем чемпионы атанды. Жерлесіміз ақтық сында аустралиялық Лекейше Перголитимен жұдырықтасты. Наталья жекпе-жек барысында қарсыласынан тактикалық тұрғыда басым болды. Дөп соққылар бағыттап, шабуылдауына мүлдем мүмкіндік бермеді.

3 раундтың қорытындысы бойынша төрешілер бірауыздан теріскейлік спортшыны жеңімпаз деп таныды. Тиісінше, боксшымыз мансабында алғаш рет әлем чемпионатының алтын медаліне ие болды. Айта кету керек, Наталья Богданова жеңіс жолында барлығы – 4 жекпе-жек өткізді.

НАТАЛЬЯ БОГДАНОВА, бокстан әлем чемпионы:

— Бұл мен үшін көптен күткен жеңіс. Осы сәтті көп күттім. Алтын жолында аянып қалмадым. Қаншама күшімді сарп еттім. Менің тілеуімді тілеген жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Ендігі мақсат – Олимпиада шыңын бағындыру.

Осымен Ливерпульде өткен бокстан әлем чемпионаты аяқталды. Қазақстан ұлттық құрамасы жалпыкомандалық есепте топ жарды. Отандастарымыз барлығы – 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль еншіледі.

 

Нұрасыл Ахмет