Мәдениет

“JARQYRA” республикалық кастингі өтті

Ауқымды жоба. Елімізде Қазақ киносының күніне орай “JARQYRA” атты республикалық кастинг өтті. Бұл іріктеудің ерекшелігі – адамдар арнайы бір киноға таңдалып алынбайды. Мақсат – оларды жалпы киноиндустрия бағытына тарту. Яғни, болашақта кино түсірілетін болса, осы іріктеліп алынған жандар сол жобаға қатысады.

ЗАКИРЖАН МАМЛЮТОВ, СҚО әкімінің креативті экономиканы дамыту жөніндегі кеңесшісі:

— Кастингтен сәтті өткен қатысушылардың деректері kazakhcinema.kz сайтындағы актерлік онлайн-базасына орналастырылады. Кейін болашақта кино түсірілетін болса, продюсерлер мен кинокомпания өкілдері осы базадан қарап, талапқа сай келетін актерлерді таңдап ала алады. Келіп жатқандардың дені – жастар. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры, Н. Погодин атындағы облыстық драма театрының актерлері келіп жатыр. Одан бөлек өзге сала өкілдері де бар.

Сіз жаңа ғана үлкен бір сыйлыққа ие болдыңыз. Қайғылы хабар келді. Сатып кеткен адаммен, керісіп тұрсыз. Міне, қатысушыларға осындай тапсырмалар берілді. Олар аталған жағдайға тән эмоцияларын көрсетулері қажет. Арасында шеберлік танытып, рөлді ерекше сомдағандары да болды.

ЖҰЛДЫЗ ТЫНЫСБЕК, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актрисасы:

— Қазақ теарында жұмыс істеп жатқаныма 2 жыл болып қалды. Бірнеше рет басты рөлдерді де сомдаған едім. Енді кино саласында да бағымды сынып көргім келеді.

Кейбірі эмоциясын дұрыс жеткізе алмады. Баршасының арманы – киноға түсіп, биік белестерден көріну. Жалпы, кастингке 100-ден астам үміткер келді.

 

Мәдина Қаби