ТЖ

Петропавлда үздік жедел уәкіл анықталды

Жедел уәкіл қызметі – Ішкі істер органдарында ең күрделі, жауапты әрі болашағы бар лауазымдардың бірі болып саналады. Олар төзімді, кез келген адаммен тіл табыса алатын, физикалық тұрғыда мықты болуы тиіс. Бүгін осы саланың мамандары өзара мықтыны анықтап жатыр. Жыл сайын ұйымдастыралатын шараға облыстың түкпір-түкпірінен келген полицейлер қатысты.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрады. Алғашқысында тәртіп сақшыларының заңды қаншалықты білетіндігі тексерілді. Кейін олардың мергендігі сыналды. Жүгірді және белтемірге тартылды. Жарыс нәтижесінде Тайынша ауданы полиция бөлімінің капитаны Бауыржан Серік жеңімпаз атанды. 27 жастағы офицер 2020 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді. Ол Алматыдағы Мақан Есболатов атындағы ІІМ академиясын тәмамдаған. Қазір оның негізгі бағыты – киберқылмысқа қарсы күрес. Сонымен қатар, нашақорлықпен күрес, ұрлық пен өзге де қылмыстарды ашу ісімен айналысады.

БАУЫРЖАН СЕРІК, Тайынша ауданы полиция бөлімінің жедел уәкілі:

Біз тирде ату сынағын тапсырдық, мен жақсы нәтиже көрсете алдым. Сондай-ақ, дене дайындығынан да өз деңгейімді дәлелдедім. Өйткені, біз күн сайын жедел уәкіл ретінде дағдыларымызды жетілдіреміз. Жедел уәкіл қызметі өте күрделі, сондықтан кез келген жағдайға дайын болу керек.

Облыстық байқауда үздік атанған Бауыржан Серік енді республикалық додаға қатысады. Азамат қазан айында Ішкі істер министрлігінде өтетін «Үздік жедел уәкіл» конкурсында өңір намысын қорғайды.