Білім

Отбасымен кітап оқудың маңыздылығы талқыланды

“Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы”. Жас ұрпақтың рухани дамуы мен мәдениетін қалыптастыруда кітаптың орны ерекше. Отбасы күніне орай Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында “Отбасы. Кітап. Кітапхана” тақырыбында дөңгелек үстел жиыны ұйымдастырылды. Іс-шараға оқушылар, мұғалімдер мен ата-аналар, түрлі сала мамандары және қоғам белсенділері қатысты.

ДАМИРА ЖУСУПОВА, Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасының бөлім жетекшісі:

Бүгінгі іс-шараның мақсаты – отбасы мен кітапхана арасындағы байланысты нығайту. Кітап оқудың маңыздылығын түсіндіру. Келушілердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және отбасында кітап оқудың маңыздылығын насихаттау.

Қазіргі заманда көпшілік бос уақытын телефон мен гаджеттерге арнайтыны жасырын емес. Ал кітап оқу дәстүрі ұмыт болмаса да сирек құбылысқа айналып бара жатқан сыңайлы. Дегенмен, жақсы әдет қалыптастыру ешқашан кеш емес. “Ересектер алдымен отбасында бірге кітап оқып, балаларға дұрыс үлгі көрсете білуі керек. Себебі, кітап жас ұрпақтың ой-өрісін кеңейтіп, болашағына жол ашады”,- дейді Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Күләйхан Рахмет.

КҮЛӘЙХАН РАХМЕТ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

Жалпы, қоғам қазір кітап оқу керек. Қазір телефонға телмірген қоғам, бірақ біз телефонды қалай дәстүрге айналдырсақ, кітап оқуды да дәстүрге айналдыру керек. Қоғамымыздың бір кетігі бүтінделген толық қоғам болады деп сенемін.

Бүгінгі шараның Ғ. Мүсірепов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында өтуі бекер емес. Себебі, мұнда балалар да, қария оқырмандар да келеді. Білім ордасындағы кітап қоры 200 мыңнан асады.

 

Ақтолқын Солтанханқызы