Ағымдағы жылы облыста 3 мың 700-ден астам талапкер мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерге оқуға түскен. Олардың көбі техникалық мамандықтарды таңдапты. Конкурсқа 19 орта білім беретін оқу орны қатысқан. Бұл жайлы облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында білім басқармасы басшысының орынбасары Наталья Протопопова айтты.
НАТАЛЬЯ ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
— Талапкерлер конкурсқа қатысу үшін “Egov” порталы арқылы өтінім берді. Ал үміткерлерді реттеу “Platonus” платформасы арқылы жүргізілді. Қыз-жігіттердің көбі “Мейіргер ісі”, “Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту”, “Автомобильге техникалық қызмет көрсету” мамандықтарын таңдады. Мамандар талапкерлердің оқу үлгерімі мен жетістіктеріне қарап шешім шығарды. Көмекке мұқтаж және көпбалалы отбасылардың балаларына да ерекше көңіл бөлінді.
Білім басқармасы “Серпін” бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыс атқарған. Биыл облыс колледждеріне оңтүстік өңірлерден 153 студент түскен. Олардың 80 пайызы Айыртау ауданындағы “Зейнеп” колледжін таңдапты. Наталья Протопопованың сөзінше, мемлекеттік тапсырыс бойынша бөлінген грант көлемі жеткіліксіз.
НАТАЛЬЯ ПРОТОПОПОВА, СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары:
— Биыл облыс колледждеріне 4 мыңға жуық талапкер өтінім берді. 300 ұл-қыз грантсыз қалды. Сондықтан, сіздердің бізге мемлекеттік тапсырыс көлемін көбейтуге көмектескендеріңізді қалаймын.
Спикер баяндамасын оқып болғаннан кейін қоғамдық кеңес мүшелері оған сұрақты қарша боратты. Жиынға қатысушыларды білім басқармасының кеш қимылдағаны алаңдатады.
ЮРИЙ БЕЛОНОГ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:
— Мен сіздерді түсініп тұрған жоқпын. Оқу жылы басталып кетті ғой. Неге кеш қимылдап жатырсыздар? Одан қалды, қарап отырмын қазіргі заманда ауадай қажет Денсаулық сақтау және білім саласына 25-30 ғана грант бөлгенсіздер. Ал “Ара шаруашылығы” және “Туризм” сияқты мамандықтарға 125 талапкер түскен. Ал бұл салаларда жұмыс беруші кәсіпорындар аз. Осыдан да өңірде кадр тапшылығы жойылмай тұр. Сіздер ең алдымен соңғы аталған мәселені шешулеріңіз керек.
Отырыс соңында облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері білім басқармасына аталған мәселені бірігіп шешуді ұсынды.
Нұрасыл Ахмет