Қоғам

Облыстық отбасылық байқау қорытындыланды

Бүгін Достық үйінде “Отан отбасыдан басталады” атты облыстық байқаудың қорытындысы шықты. Жеңімпаздарға диплом мен естелік сыйлықтар табыс етілді. Қошеметке бөленген жанұялардың бірі – Ахметжановтар отбасы. Ахметжановтар әулеті – көпке үлгі отбасы. Ерлі-зайыпты ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немерелерінің қызығын көріп отыр. Есіл ауданының тумалары “Азамат тәрбиелеген отбасы” номинациясында жеңіске жеткен.

МАУИЯ АХМЕТЖАНОВА:

Бір ұл, бір қызым бар. Ұлым ІІМ-да жұмыс істейді, қызым да сол салада Астана қаласында қызмет етеді. Бірінші “Азамат тәрбиелеген отбасы” номинациясы маған жақын болғандықтан осыны таңдадым.

Облыстық байқау тамыз айында өткен. Оған қатысуға өңіріміздің түкпір-түкпірінен 30-ға жуық отбасы ниет білдіріпті. Ал бүгін солардың арасынан жеңіске жеткен 6 әулет бас қосты. Байқауда 25 жылдан астам отасқан отбасылар “Күміс кереге”, 50 жыл қол ұстасқан үлгілі әулеттер “Алтын шаңырақ” номинациясында жеңіске жетті.

РЕЗЕДА БАЙМҰХАМЕТОВА, Республикалық Аналар кеңесінің мүшесі:

Сайыстың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтау, тәрбиелеу. Отағасы мен ақ жаулықты анаға деген сыйластық сезімін тәрбиелеу болып табылады.

Бұл байқау өңірімізде Отбасы күніне орай жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Аталған іс-шара жас отбасылар үшін іргетасы берік жанұялардан үлгі-өнеге алуда маңызы зор.

 

Ақтолқын Солтанханқызы