Облыстық әкімдікте құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Жиында құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша идеологиялық және түсіндіру жұмыстарының барысы мен кәмелетке толмағандар арасында оларға қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ, балалардың құқықтарын қорғау мәселелері қаралды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
— Заң және тәртіп – біздің мызғымас тұғырымыз. Ол ең алдымен еліміздің әр азаматына және барша халқымызға ортақ тәртіп. Біздің идеологиямыз қарапайым әрі түсінікті. Мемлекетіміздің тағдыры мен ұлтымыздың берекелі өмірі осыған тікелей байланысты.
Құқықтық ағарту ісінің маңызды бағыты – “Халық заңгері” акциясы. Оның аясында облыс тұрғындарына тегін заңгерлік кеңес берілуде. Кітапханаларда құрылып жатқан құқықтық ақпарат орталықтары халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға елеулі үлес қосуда. Жастарға ерекше назар аударылып отыр. СҚО – жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізіп жатқан алғашқы өңірлердің бірі. Жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында “Protector AI” жүйесі 14 мектепке орнатылған, жыл соңына дейін тағы 24 мектепке енгізілмек.
Сонымен қатар, психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, жасөспірімдерге анонимді әрі шұғыл көмек көрсететін Telegram-боттар іске қосылған. Бұл шаралар алғашқы оң нәтижелерін беруде – әсіресе, кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтар саны азайып келеді.
Жиын соңында облыс әкімі аудандық деңгейдегі ведомствоаралық комиссиялардың жұмысын күшейту, идеологиялық және құқықтық жұмысты барлық деңгейде үйлестіруді арттыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу саласында заманауи технологияларды енгізу және белсенді пайдалануды жалғастыруды тапсырды.