Облыста өткен жылдың шілдесінен бері мемлекеттік қызметке іріктеу “Е-қызмет” интернет-порталы арқылы жүргізіледі. Жаңа формат үміткерлерге науқанға кез келген жерден және кез келген уақытта қатысуға мүмкіндік береді. Жүйенің тиімділігін пайдаланып, екі қолына бір күрек тапқан жастың бірі – Сұлтанбек Досқан. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі секторының бас маманы конкурс жайлы таныстары арқылы білген. Бірден бағын сынапты.
СҰЛТАНБЕК ДОСҚАН, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі секторының бас маманы:
— Бірінші кезеңде тестілеуден өттік. 150-ден астам сұрақ болды. Екінші кезеңде – сандық және мәтіндік есептер шығардық. Келесісі сұхбаттасу болды.
Сұлтанбек Досқан – жергілікті университеттің түлегі. Жігерлі жас “Қаржы” мамандығы бойынша білім алған, жұмыста өте белсенді. Аз уақыттың ішінде ұжымға сіңісіп кеткен. Әріптестерімен де тілдестік. Олар Сұлтанбек жайлы жақсы пікірде.
БИМАХАН ҚҰДИЯРОВ, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі секторының меңгерушісі:
— Сұлтанбек өте еңбекқор. Жұмысына ұқыпты, сауатты азамат. Осы күнге дейін бірде-бір өтінішімді жерде қалдырған емес.
Сұлтанбек Досқан ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетеді. Көбінесе тұрғындар оған зейнетақы мен бірреттік төлем рәсімдеу үшін келеді. Азамат күніне 20-дан астам адамды қабылдайды. Бәрі оған дән риза. Маман күн сайын қазыналы қарттардың батасын алып жүр.
МАРИНА ПРОЖОВИНА, қала тұрғыны:
— Өзім онкологиялық ауруға шалдыққанмын. Бөлімге бірреттік төлем алу үшін құжатымды рәсімдеуге келдім. Маған қызмет көрсеткен маман көңілімнен шықты. Асты-үстіме түсіп қалағанымды орындады. Біраз ақпарат берді. Телефон нөмірін алдым. Түсініспеушіліктер болса хабарласып отырамын.
“Е-қызмет” порталы – жастар үшін таптырмас мүмкіндік. Олар үйде отырып-ақ өздеріне қажетті вакансияларды қарай алады. Айта кету керек, жыл басынан өңірде аталған конкурстық іріктеу арқылы 300 жас жұмысқа тұрған.
Нұрасыл Ахмет