Өнеркәсіп

2-ЖЭО-да автоматтандырылған экологиялық бақылау жүйесі іске қосылды

Біреу білсе, біреу білмес, Петропавл 2-ЖЭО-дағы қазандықтар 20 минут сайын қала маңындағы Белое көлінің суымен суытылып отырады. Бұл оның тоқтамай жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Бірақ, қолданылған тіршілік көзі көлге қайта жіберілетіндіктен тазалық жағы күмән тудыруы мүмкін. Аталған олқылықтың орнын толтыру мақсатында “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ бірегей жобаны іске қосты. Бұдан бұлай суды мына бір автоматтандырылған экологиялық бақылау жүйесі арқылы тексерілетін болады.

НИКОЛАЙ МАКСИМОВ, “СЕВКАЗЭНЕРГО” АҚ қоршаған ортаны қорғау басқармасының басшысы:

— Жыл сайын Белое көлінен Есіл өзеніне миллиондаған текше метр су жіберіледі. Бұл – тасқынның алдын алуға және балықтарды көбейтуге арналған жұмыс. Сондықтан, аталған автоматты жүйені іске қостық. Себебі, біз табиғи байлығымызды құртқымыз келмейді. Егер су лай болса, экология департаментімен бірлесіп шара қолданамыз.

Жаңа жүйе Есіл өзеніне ағызылатын су мен зиянды заттарды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Дәлірек айтсақ, мамандар мына бір кішкентай дүңгіршекте отырып-ақ су шығынын, температурасын, электр өткізгіштігін және лайлану көрсеткішін анықтай алады. Айтылғандардың барлығын 20 минут сайын тіркеп, ақпаратты қоршаған орта мен табиғи ресурстардың жай-күйі жөніндегі Ұлттық деректер банкіне жібереді. Мәліметтер мұрағатта 5 жылға дейін сақталады.

ДАМИР ЖҰМАБАЕВ, СҚО экология департаментінің бөлім басшысы:

— Бұл -облыстағы су сапасын бақылайтын 3-ші автоматты жүйе. Екеуі “Қызылжар су” серіктестігінде орналасқан. Бастама Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы аясында жүзеге асты. Экология департаменті орталықтың жұмысын ұдайы бақылап отырады. Егер су лай болса, тазалауға арналған жұмыс жүргіземіз. Бірақ, әлі ондай келеңсіз жағдайлар болып көрген жоқ.

Жүзеге асырылған жоба арқылы акционерлік қоғамның қоршаған орта мен тұрғындарға дейін сыйластығын көре аламыз. Айта кету керек, ендігі жылы компания өкілдері Белое көліне балық жіберіп, жан-жағына көшеттер отырғызбақ.

 

Нұрасыл Ахмет