Ауыл шаруашылығы

СҚО-да жылдық қуаттылығы 39 мың тонна болатын тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын

Мағжан Жұмабаев ауданында өңірдегі ең ірі тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталуға жақын. Жоба “Солтүстік” ӘКК-нің көмегімен жүзеге асуда. Құны – 8 млрд теңге. Бастапқы кезеңде мұнда 3600 сиыр болса, уақыт өте келе көрсеткіш 12 мың басқа жетпек. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін жылына 39 мың тоннаға дейін сүт өндірілмек. Бұл аймақ экономикасының дамуына тың серпін беретіні сөзсіз. Айта кету керек, биыл нысанның бір бөлігі ғана қолданысқа беріледі. Бүгінде ол 90 пайызға дайын. Қазіргі таңда Германиядан әкелінген құрал-жабдықтар орнатылып, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ферманың жалпы аумағы 62 гектарды құрайды. Жобаны іске қосу үшін Эстония мен Украинадан голштино-фриз тұқымды 390 бас сиыр сатып алынған.