Ауыл шаруашылығы

СҚО-да егіннің 35 пайызы жиналды

Аққайыңдар өлкесінде орақ науқаны жалғасып жатыр. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілдері ұсынған деректерге сүйенсек, бүгінде облыста 1,1 млн гектардағы дәнді және дәнді бұршақты дақылдар жиналған. Бұл көрсеткіш аталған өнімдерге бөлінген жалпы жердің 35 пайызына жуықтайды. Шығымдылық көрсеткіші – 15,9 центнер. Ал майлы дақылдарға қарастырылған аумақтың 17 пайызы жиналған. Мұндағы берекелік 10,4 центнерді құрап отыр. Бастырылған астықтың көлемі 1 млн 700 мың тоннадан асып жығылады. Айта кету керек, аймақта күзгі дала жұмыстарына 7 мың комбайн, 12 мыңнан астам трактор және 5 мың 600 жүк көлігі тартылған. Еңбеккерлерге тек толассыз жауған жаңбыр ғана кедергі болып тұр.