Мәдениет

Отбасылар сайысы

Бүгін Отбасы күні қарсаңында жанұя мүшелері бас қосқан сайыс өтті. Оған “Бір отбасының екі жұлдызы” атауы берілді. Жарыс басталмай тұрып әр жанұяның ұйытқысы, бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен аналарға гүл табысталды.

Жанұялар арасындағы тартысқа қатысуға қаладан 4 отбасы ниет білдіріген. Әне-міне дегенше көптен күткен сайыс басталып кетті. Алғашқы кезеңде әр топ қазылар алқасына жанұя мүшелерін таныстырды. Үйлерінен әзірлеп әкелген тағамдарын ұсынды. Богдановтар отбасы бүгінгі жарысқа фаршталған бұрыш пісірген. Отанасы Қаракөз Богданованың сөзінше, бұл тағамды жанұя мүшелері сүйіп жейді екен. Немерелерін жетектей келген нәзікжанды үздіктер қатарынан көрінгісі келеді.

ҚАРАКӨЗ БОГДАНОВА, сайысқа қатысушы:

Өзімнің 5 балам бар. Кенжем колледжде оқиды. Сол себепті, бүгінгі жарысқа немерелеріммен келдім. Қазіргі таңда 7 немере тәрбиелеп отырмын. Олар маған әрдайым көмектесіп, қолғабыс етіп жүреді. Бүгінгі тағамды да барлығымыз бірге әзірледік.

Келесі кезеңде қатысушыларға түрлі сұрақтар қойылды. Олар жасырылған ертегі кейіпкерлерін табулары қажет. Бұл сайыста балалар белсенділік танытты. Кейін аналардың шеберлігі сынға түсті. Нәзікжандылар ұсынылған заттармен қыздарына арнап алжапқыш тігу керек. Уақытта шектеу жоқ, тек әдемі әрі ыңғайлы болса болғаны. Айта кету керек, жанұялар арасындағы тартыс 4 кезеңнен тұрады.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

— Бұл жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – отбасы құндылығын дәріптеу. Осындай топтық сайыстар арқылы жанұя мүшелері бір-біріне одан әрі жақындай түседі. Балалардың ата-аналарына құрметі артады. Ал ересектер бір сәт күйбің тіршіктен демалып, ұл-қыздарына уақыт бөледі.

Сайысқа қатысқан әр отбасы назарсыз қалған жоқ. Қатысушылардың барлығына мақтау қағазы мен естелік сыйлық табыс етілді.

 

Ақтолқын Солтанханқызы