Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов “Solidcore Resources” компаниясының бас атқарушы директоры Виталий Несиспен кездесті. Басқосуда өңір үшін стратегиялық маңызы зор “Сырымбет” қалайы кен орнын игеру мәселесі қаралды. Жалпы құны 150 млрд теңгені құрайтың жоба аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек. Бастаманың аясында 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Тиісінше, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Жиын барысында аталған компанияның құрамына кіретін “Tin One Mining” АҚ мен Айыртау аудандық агротехникалық колледжі арасында ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Құжаттың негізгі мақсаты – тау-кен саласына қажетті білікті мамандар даярлау. Бұл келісімшарт жастарға жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, өңірдің кадрлық әлеуетін күшейтпек. Айта кету керек, маңызды жоба 2028 жылы іске қосылады деп жоспарлануда. Оның жүзеге асырылу барысы Мемлекет басшысының жіті бақылауында болмақ.