Елімізде шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызды құрайды. Ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтайды. Көңілден шығатын көрсеткіш болмаса да Мемлекет басшысы бұл еліміздің жағдайын жақсартуға айтарлықтай серпін бере алмайтынын атап айтты. Осы орайды бизнесті дамытуға қатысты бірнеше маңызды ұсыныс мен тапсырмалар берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Екі млн-нан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді. Былтыр мен «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болды. Бірақ, Жарлық толық орындалмай отыр. Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан, тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек.
Мемлекет басшысы жаңа заңнамалар әзірлеуде Жасанды интеллект технологиясын қолдануды ұсынды. Осы ретте кәсіпкерлер жұмысын ретейтін, оларға тиімді ұсыныстар ұсынатын Интеллект арқылы реттеу орталығы құруды ұсынды. Сондай-ақ, бизнесмендерден реттеушілік жүктемені азайтуды тапсырды. Яғни артық лицензиялар, рұқсат алулар, әкімшілік талаптар сияқты кедергілерді қысқартуды талап етті. Осы ретте кәсіпкерлерді шектен тыс тексерістен қорғау үшін “Міндетті талаптар тізімін” жасау тапсырылды.
ЮЛИЯ АСКАРОВА, “Re.women” әйелдер қоғамдастығы СҚОФ төрағасының орынбасары:
— Кәсіпкерлерге қатысты тексеріс көп. Бұл іскер азаматтардың уақытын да, күшін де алады. Ал “Міндетті талаптар тізімі” тексеріс санын азайтуға мүмкіндік береді. Ал бизнес иелері кімнің қай уақытта келетінен және олардың талаптары жайлы хабардар болып отырады.
Мемлекет басшысы бұл өзгерістердің кәсіпкерлердің жұмысын күрделендіре бермей, еліміздің дамуына зор септігін тигізетініне сенімді екенін айтты.
Ақтолқын Солтанханқызы