Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты Қазақстанды өнерпаздарымыз арқылы таниды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында рухани құндылықтарға ерекше көңіл бөлді. Аталған салаға да жасанды интеллектіні енгізу жайлы ұсыныс айтты. Президенттің сөзінше, алдағы уақытта елімізде түрлі зәулім мәдени нысандар бой көтереді. Ескіргендері күрделі жөндеу көреді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Өнер адамдары еліміздің мәдениетін, салт-дәстүрін шетелге паш етіп жатыр. Бұл – құрметке лайық жұмыс. Сондықтан, мәдениет қайраткерлеріне қажетті қолдау көрсетеміз.
Сахна саңлағы Біржан Есжанов Президенттің бастамасын дұрыс деп есептейді. Жыл сайын өңірде нар тұлғалардың мерейтойлары өтеді. Олардың құрметіне арналған мәдени шараларды өткізу үшін өмірбаяндары жайлы мол ақпар білген жөн. Ұйымдастырушылар сол үшін архивтерді аралап, қаншама уақыттарын құртады. Ал цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу арқылы бұл қиындықтар толықтай шешілер еді.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
— Қазақ халқының тарихы мәдени мұраға бай. Қорлар мен музейлерді цифрландырсақ әлемге өзімізді ашамыз. Әлемдік деңгейдегі концерттерді өткізе аламыз.
Бір ғасырда бір туатын тұлғалардың айтқан өнегеге толы сөздері арқылы тұтас ұлтты тәрбиелеуге болады. Мемлекет қазіргі таңда өнер саласын дамытуға ерекше мән береді. Өйткені, мәдениеті озық елдің рухы да биік болады. Бірақ, Біржан Есжанов Президенттің бастамасы қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүзеге асқанын қалайды.
БІРЖАН ЕСЖАНОВ, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның көркемдік жетекшісі:
— Шалғай ауылдардағы мәдениет үйлеріне цифрландыру жеткенін қалаймын. Ауылдық кітапханаларға да көңіл бөлінуі тиіс. Президенттің бастамасын өнер адамдары қолдаймыз.
Қазіргі таңда аймақта 12 мәдениет нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Маңызды жұмысқа облыстық бюджеттен 941 млн теңге бөлінген.
Нұрасыл Ахмет