Қоғам

Қоғам белсенділері Жолдауды талқылады

Жасанды интеллект – экономиканы дамытудың жаңа тетігі. Достық үйінде қоғам белсенділері Мемлекет басшысының Жолдауын талқылады. Дөңгелек үстелде бас қосқан жандар өз пікірлерін білдірді, көтерілген негізгі мәселелер туралы айтты. Жиында әсіресе заман игілігін пайдаға жаратып, зор жетістіктерге жету жайлы сөз болды.

СӘЛІМХАН СӘБИТОВ, СҚО ҚХА мүшесі:

— Жасанды интеллектіні пайдамызға жарату арқылы әлемде беделді мемлекеттердің қатарына кіре аламыз. Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан “Таза Қазақстан” акциясы аясында Ассамблеямыздың жастары 100 түп ағаш екті.

Қазақстан 3 жылдың ішінде жаппай цифрлық ел болуы керек. Өз Жолдауында Мемлекет басшысы әр министрлік пен өңірлерге осындай тапсырма берген болатын. Оны жүзеге асыру – басты міндет. Бірақ, бұл мәселенің екінші жағын да қарастырған жөн. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүреміз деп адамдар жалқау болып кетуі де ғажап емес. Жиында осыны жіті назарға алу жайлы сөз болды. Қоғам белсенділері жыл бойы Мемлекет басшысының Жолдауын солтүстікқазақстандықтарға бүге-шүгесіне дейін жеткізетін болады. Басқосуда Мағжан сенген жастар да бой көрсетті. Олар Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамаларын қос қолдап қолдайды.

ДЭНИЕЛ ЭДИЛОВ, “Вайнах” шешен-ингуш мәдени орталығы ЖҚ төрағасы:

— Мемлекет басшысының идеяларын жүзеге асыруға жастар да атсалысуы тиіс. Өз басым Жолдауды басынан аяғына дейін тыңдадым. Қазақстанда болып жатқан оқиғалармен таныстым. Саясатқа біз сияқты ұл-қыздар араласуы қажет. Сонда ғана елімізде оң өзгерістер орын алады.

Қоғам белсенділері алдағы уақытта білім, медицина мекемелері мен зауыттарды да аралауды жоспарлап отыр. Онда ұжыммен кездесіп, Жолдауда айтылған дүниелерді кеңінен түсіндіретін болады.

 

Нұрасыл Ахмет