Астанада Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Цифрлық штабтың отырысы өтті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Жолдауында қойған міндеттерге баса назар аударылды. Отырыс қорытындысы бойынша бірыңғай ұлттық цифрлық жүйені құруға бағытталған бірқатар шешім қабылданды. Мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді. Әсіресе, отын-энергетикалық кешенінде Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығының жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Енді энергетика саласына жасанды интеллект технологиялары енгізіледі. Тіпті, электр және жылу желілерін диагностикалау үшін дрондар қолданылмақ. Отырыста денсаулық сақтауға саласына да ерекше көңіл бөлінді. Алдағы уақытта медициналық мекемелерде заман игілігі арқылы онкологиялық және тағы да басқа ауруларды алдын ала анықтайтын функционал іске қосылмақ.