Экология

“Таза Қазақстан” – экомәдениет қалыптастырудың негізі

“Таза Қазақстан” жалпыұлттық акциясы Президент тапсырмасымен 2019 жылы қолға алынған болатын. Алты жылдың ішінде ел көлемінде ауқымды іс атқарылды. 860 мың гектардан астам аумақ қоқыстан тазартылып, 4 млн-нан астам ағаш отырғызылған. Осы ретте Мемлекет басшысы белсенді азаматтардың еңбегін ерекше атап өтті.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

Осы жұмысқа атсалысып жүрген азаматтарға, әсіресе, жастарға ризашылығымды білдіремін. Тазалық мәдениетін қоғамда терең орнықтыру – өте маңызды міндет. Осы бағытта Үкімет экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін енгізуге тиіс. Бұл жұмыс мектептен бастап жоғары оқу орындарына дейін барлық деңгейдегі білім мекемелерін қамтуы қажет.

Қоғам үшін маңызды істе петропавлдық еріктілер аянып қалған емес. Олар қандай тазалық шарасы болмасын білек сыбана іске кірісіп кетеді. Бұдан жастардың ұйымшылдығы мен қоршаған ортаға деген қамқорлығын аңғаруға болады. Қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Әбдин экологиялық ағарту ісін білім беру жүйесіне енгізу қазақстандық қоғамда экомәдениет қалыптастыруға зор ықпал етеді дейді.

ДАМИР ӘБДИН, қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

Біз бұл бастаманы әрине қолдаймыз. Себебі, экология – еліміздегі басты мәселелердің бірі. Біз жастарға өз тәжірибеміз арқылы үлгі көрсете білуіміз керек. Мектеп қабырғасындағы балалар үшін дұрыс әдет қалыптастыруға ықпал еткен жөн.

Қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері жыл басынан бері 200-ге жуық тазалық шарасын өткізген. Белсенді жастар саябақтар мен көшелерді қоқыстан арылтқан, қыста қар тазалаған.

 

Ақтолқын Солтанханқызы