Қазақстанда 2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жайлы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айтқан болатын. Басты байлығымыз құр босқа жатпай, қадірін білетін жандарға үлестірілуі тиіс. Бірақ, әкімдер 6 млн гектарды ғана игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне және қайнаған еңбектің ортасына айналатыны сөзсіз. Президент осы бағытта әр облысқа бірқатар тапсырма беріп, шешу жолында бірнеше ұсыныс айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Жер қатынастарына қатысты заңсыздық пен қағазбастылықты жою қажет. Жерді бөлуге қатысты шешім цифрлық форматта, электронды конкурстар арқылы қабылдануы тиіс. Бұл салада цифрлық технологияларды кеңінен қолдану айрықша маңызды.
Мемлекет басшысының сөзінше, түйткілді шешуде жасанды интеллектіні қолдансақ нұр үстіне нұр болатыны сөзсіз. Ауыл шаруашылығы жерлеріне спутникпен мониторинг жасау арқылы жердің сапасын, егін шығымын, дәнді-дақылдардың жай-күйін үйде отырып-ақ біле аламыз. Айта кету керек, иесіз қалған, есепке алынбаған жерлер теріскейде де баршылық.
ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
— СҚО-да 9 мың гектар орман пайдаланылмай бос жатыр. Яғни, есепке алынбаған. Мұны облыстық прокуратурамен бірлесіп анықтадық.
Мемлекет басшысы “Таза Қазақстан” акциясы аясында әр өңірге 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы тапсырма берді. Бұл міндетті жұмысты басқарма жүйелі түрде атқарып келеді.
ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
— Көшеттерді ең алдымен тәлімбақтарда баптап өсіреміз. Содан кейін ғана барып орман алқаптарына егеміз. Қазіргі таңда орман алқаптарында 62,5 млн көшет егілді. Бұл жалпы жоспардың – 50 пайызы.
СҚО-да 688 мың гектар аумақ орманмен көмкерілген. Барлығы – 12 орман шаруашылығы жұмыс істейді.
Нұрасыл Ахмет