Қоғам

Петропавлда қазыналы қарттар бас қосты

Петропавлда облыстық ардагерлер кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиында аға буын өкілдері 8 ай ішінде атқарылған жұмыстарын қорытындылады. Қарттарымыз өте белсенді. Қиын кезеңдерде ешқашан қол қусырып отырған емес. Жыл сайын аймақтың дамуына сүбелі үлестерін қосуда. Оның ішінде өскелең ұрпақты тәрбиелеуде ауқымды іс атқарған.

БЕЙБІТ ӘБІЛОВ, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

— Облыста 104 мыңнан астам зейнеткер бар. Оның 80 пайызы ардагерлер ұйымдарына кіреді. Біз биыл бірде-бір сенбіліктен қалған жоқпыз. Су тасқынының алдын алған сарбаздарға ыстық тамақ апарып отырдық.

Отырыста Мамлют, Аққайың, Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің жұмысы баяндалды. Соңғы аталған аймақтың аға буын өкілдері Ұлы Отан соғысының 80-жылдығына орай түрлі игі шара өткізген. Атқарылған істермен ұйым төрағасы Болат Қорқытов бөлісті. Биыл қазыналы қарттардың бастамасымен ауылдардағы 20 ескерткіш жаңартылыпты.

Мектеп оқушыларымен 40-тан астам танымдық кездесулер өткен, жүздеген жасты музейге апарған. Аудандағы 56 тыл ардагеріне медициналық және материалдық жәрдем беріліпті. Мінберге шыққан азаматтың ойынша мұндай шаралар тек 5-10 жылда бір емес, жыл сайын өткізілуі тиіс.

БОЛАТ ҚОРҚЫТОВ, Уәлиханов аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Бұл күн – тек күнтізбедегі дата емес, ұрпақ санасына мәңгілік мөр басқан тарихи тағдырлар мен ерліктің ескерткіші. Уәлихандықтар жеңістің қадірін біледі. Қасіреттің қайталанбауы үшін тарихты ешқашан ұмытпауға тиіспіз.

Соңғы 5 жылда бастауыш ардагерлер ұйымдарының саны 600-ге жуықтапты. Кәсіпорындардың өзіңде 100-ден астам ұйым құрылған.

 

Нұрасыл Ахмет