Құқық қорғау органдары

Көбінесе жүк көліктерінің жүргізушілері рөлге қалжыраған күйі отырады – полицейлер

Қараңғылық, күзгі ылғал және ұйқылы-ояу күй – бұл үшеуі жұмыстан қалжыраған, дұрыс тынықпаған адамды басып, ұйқыға тартуы мүмкін. Рөлдегі адам бір секундқа болсын қалғып кетсе оның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Полиция қызметкерлерінің айтуынша көбінесе жүк көліктерінің жүргізушілері рөлге қалжыраған күйі отырады. Осы орайда мамандар тасжолда тексеріс ұйымдастырып, ақхалаттылармен бірге жүргізушілердің хал-жағдайын байқады.

Жасұлан САДВОКАСОВ, СҚО ПД ППБ взводының командирі:

Жедел жәрдем қызметкерлері қан қысымын, сондай-ақ, жүргізушілердің жалпы жағдайын тексереді. Біз барлық жүргізушілерге шаршаған күйде көлік құралын жүргізбеуді немесе жақын маңдағы тұраққа тоқтап, демалуға және жолдарда өте сақ болуға шақырамыз.

Мамандар жол-көлік оқиғасына себепші болған жайттардың бірі – рөлде отырған күйі қалғып кету дейді. Биыл облыс жолдарында 360-тан астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 28 адам қаза тауып, 500-ге жуығы жарақат алған. 70 оқиға республикалық трассада болған, онда қаза тапқан адам саны 17-ге жуықтайды. Жол қателікті кешірмейді.