Денсаулық сақтау

Қазақстанда емханаға тіркеу науқаны басталды

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап емханаларға тіркелу басталды. Бұл жыл сайын өтетін шара. Әрбір азаматқа өзіне ыңғайлы медициналық ұйымды таңдау үшін 2 ай уақыт беріледі. Яғни, науқан 1-ші қарашаға дейін жалғасады. Ол үшін “eGov” порталындағы “Денсаулық сақтау” бөліміне өтіп, “Медициналық ұйымға бекіту” батырмасын басасыз. Сосын аурухананы және терапевт дәрігерді таңдайсыз. Бір маманға тіркелген науқастардың саны 1700-ден аспау қажет. Сондықтан жақындарыңыз кеңес берген ақхалаттыға жазылып үлгеремін десеңіз, бірден әрекет ету қажет. Науқан №1 қалалық емханада да қарқынды жүріп жатыр.

ГҮЛСТАН ӘУБӘКІРОВА, №1 қалалық емхананың тіркеушісі:

— Зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар емханаға келіп тіркелемін десе, тиісті көмек көрсетеміз. Емханаға барып арыз жазу арқылы ҚР азаматтары, еңбек мигранттары мен елімізде тұруға ықтияр хаттары бар шетелдік азаматтар тіркеле алады.

Өтінімге жауап 3 күннің ішінде келеді. Ескеретін жайт, емхана сізді өзіне тіркегенін міндетті түрде порталдан немесе 1414 нөміріне хабарласып білу қажет. Өйткені, медициналық мекемеде орын әп-сәтте толып қалуы мүмкін. Тұрғындар қабылдандым деп ойлап емделуге барған кезде келеңсіз жағдайға тап болып мүмкін. Қазіргі таңда өңірде азаматтарға 17 ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Олардың 16-сы – мемлекеттік, біреуі – жекеменшік. Жаңашылдықтың игілігін мекеме қызметкерлері де көріп жүр.

ТАТЬЯНА БЕССМЕРТНЫХ, №1 қалалық емхананың тіркеушісі:

— Емханада 2017 жылдан бері жұмыс істеймін. Ол кезде адамдар сағаттап кезек күтетін. Бірнеше рет шу болғанын да жасырмаймын. Бірақ, қазіргі таңда ондай атымен жоқ. Біздің жұмысымыз жеңілдеді. 10 күннің ішінде №1 қалалық емханаға 30-ға жуық адам тіркелді. Жалпы, медициналық мекеме қазіргі таңда 50 мыңнан астам тұрғынға көмек көрсетеді.

Негізінен, емхананы өзге ауданға көшсеңіз ғана ауыстыра аласыз. Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен талап осындай. Бірақ, қазіргі өтіп жатқан науқан қаралып жүрген емханасы көңілден шықпай жүрген тұрғындар үшін таптырмас мүмкіндік. Айта кету керек, пациенттер емханадан тіркелгеннен кейін бірден қызмет ала алмайды. Оларға 2026 жылдың 1 қантарынан бастап қана көмек көрсетіледі. Оған дейін бұрынғы мекемесіне баруға тура келеді.

 

Нұрасыл Ахмет