Кәсіби кинологтар мен иісшіл иттердің сайысы. Облыс орталығында төрт аяқтылардың тілін тапқан мамандар арасындағы республикалық сайыс бастау алды. 5 күндік бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен ат терлетіп келген 20-ға жуық әскери қызметші қатысуда.
ЖӘНІБЕК ҚАЛЫБЕКОВ, жарыстың бас төрешісі:
— Жарысты 6637 әскери бөлімінде өткізуіміз тегіннен тегін емес. Себебі, мұнда білікті кинологтар жетерлік. Біз сайыс кезінде тек қана иттерді тексермейміз. Қызметкерлердің физикалық дайындығы да сыналатын болады. Одан қалды, біріншілікке қатысушы жандар бір-бірімен жақын танысып, тәжірибе алмасқанын қалаймыз.
Төрт аяқты көмекшілер әбден үйретілген. Команда берсең, айтқаныңды бұлжытпай орындайды. Олар жарыс барысында жарылғыш заттарды әшкерелейді, жоғалған адамды іздейді. Жасырылған есірткінің түр-түсін қас пен көздің арасында тауып алуы тиіс. Рүстем Оспанов Қызылжарға Орал қаласынан келген. Кинолог болып қызмет етіп жүргеніне 20 жыл болыпты. Осы уақыттың ішінде сенімді серігінің көмегімен бірнеше қылмысты бетін ашып, жоғалған адамдарды тапқан.
РҮСТЕМ ОСПАНОВ, ҚР ҰҰ 5515 әскери бөлімінің кинологы, Орал қаласы:
— 2005 жылдан бері түрлі иттермен жұмыс істедім. Қызметтік төртаяқтыны үйрету үшін төзімділік керек. Ашуланып, мінез көрсетудің қажеті жоқ. Жануар болса да адам сияқты бәрін түсінеді. Онымен жақсы қарым-қатынас орнату аса маңызды. Ең бастысы – ол саған сеніп, иесі ретінде қабылдауы тиіс. Сонда ғана жұмыс алға басады.
Айта кеткен жөн, жарыс алдында жануарлар ветеринар маманның мұқият тексерісінен өтеді. Денесінде қандай да бір жарақат болса немесе ауырып тұрса, сайыс алаңына шығарылмайды.
Нұрасыл Ахмет