Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің қорларын басқаруда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Сауда және интеграция министрлігі «Қазақтелекоммен» бірлесіп тұрақты мониторинг алгоритмін әзірледі. Жоба үш кезеңнен тұрады:
1 кезең – қойма және қорлар дерекқорын қалыптастыру. Бұл бағытта СҚО, Ақмола, Павлодар, Жетісу және Қостанай облыстарының әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары (ӘКК) тиімді жұмыс атқаруда.
2 кезең – қоймаларға бейнебақылау орнату және оны мобильді қосымша мен тауар қозғалысын қадағалау жүйесіне біріктіру.
3 кезең – өндірушіден тұтынушыға дейінгі тауар қозғалысын бақылау үшін электрондық шот-фактуралар мен фискалдық деректерді талдау. Осылайша, тауарлы-материалдық қорлар есебінен бастап, тауарды тұтынуға дейінгі бүкіл процесті онлайн бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық жүйе құрылмақ.
Премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Табиғи монополияларды реттеу комитетіне реттелетін қызметтердің бағасын өсірмеу бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Ал әкімдіктерге ӘКК серіктестері иелік ететін көкөніс қоймаларына бейнекамера орнату үшін қолжетімділікті қамтамасыз ету жүктелді.