Қоғам

СҚО-да демалыс күндері жол-көлік оқиғаларының салдарынан 2 полицей мен 1 жолаушы қаза тапты

Облыста 2 күнде жол-көлік оқиғаларының салдарынан 3 адам қаза тапты. Қыркүйектің 6-шы жұлдызы қос полицей қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмды. Жантүршігерлік оқиға Ғ. Мүсірепов ауданындағы “Чистополье-Шөптікөл” автожолында болды. “Chevrolet Cobalt” және “Toyota Camry” қызметтік көліктері бір-бірімен соқтығысып, рөл тізгіндеген жандар тіл тартпай кетті.

ЖЕҢІС ТЕМІРБЕКОВ, СҚО ПД анықтау басқармасы бастығының орынбасары:

—  Аталған қайғылы оқиға бойынша тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданатын болады.

Екінші қайғылы оқиға Шал ақын ауданы маңындағы “Жезқазған-Петропавл” автожолында болды. “AUDI” маркалы автокөлігі белгісіз себептермен аударылған. Өкінішке қарай, салдарынан 41 жастағы жолаушы әйел қаза тапты. Рөл тізгінінде болған 36 жастағы ер адам бірден аудандық ауруханаға жеткізілді. Осы ретте статистикаға көз жүгіртейік, жыл басынан бері облыста 362 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 28 адам қаза тапты. 488 адам түрлі дене жарақатын алды.