Мемлекет басшысы бүгінгі жолдауда еліміздің алдына міндетті түрде орындалуы тиіс биік мақсат қойды. Ол – 3 жыл ішінде толығымен цифрлық ел болу. Осы орайда елімізде жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын енгізу арқылы экономикамызды дамытуымыз керек делінді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек.
Бұл жаңалыққа қатысты теріскейлік жастар өз қолдауын білдіріп жатыр. Олар алдағы уақытта түрлі стартап жобаларды қолға алмақ.
ДАЯНА БАЙМҰҚАНОВА, «Штаб JE SKO» ҚБ төрайымы:
— Бұл – біз үшін өте шабыттандыратын жаңалық. Себебі, мемлекет технологиялар әлеміне есік ашып жатыр. Қазақстан көз алдымызда өзгеріп жатыр. Жасанды интеллект жастар үшін жақсы мүмкіндік. Енді біз алдағы уақытта түрлі іс-шаралар жүзеге асыру ыңғайлы болады.
Мемлекет басшысы жаппай цифрландыру барысында ең алдымен Цифрлық кодекс қабылдануы тиіс деді. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс екені айтылды.
Ақтолқын Солтанханқызы