Мәдениет

Өнердің жаңа тынысы: қазақ театрында 27-ші маусым ашылды

С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театры 27-ші сахна шымылдығын ашты. Театр ұжымы келген көрерменге құрмет көрсетіп, репертуарлары жазылған парақша мен тәтті сыйлықтан тарту етті.

Бұл жолы көрерменнің жүрегіне қойылым емес, “Театр – өмір тарихы” атты концерттік бағдарлама жол тартты. Сахна артында да өзгерістер жоқ емес, Түркістан, Алматы облыстарынан келген жас өнерпаздар қатарға қосылған. “Сондықтан да бұл маусым ерекше бастау алды”, деп атап өтті театрдың көркемдік жетекшісі Дәурен Тойбазаров.

ДӘУРЕН ТОЙБАЗАРОВ, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:

— Өткен маусымға ренішіміз жоқ. Ол кезеңде де жағымды жаңалықтар мен көп қойылымдарды халықтың назарына ұсындық. Солардың бірі – “Мөлдір махаббат”. Бұл туынды осы жылғы репертуарымызда да бар. Екі күн премьерасы болады.

Театр – тарих пен тағылымның тоғысқан ордасы. Ал сол орданың беткетұтар бейнесі – сахна әртісі. Халықтың көзайымына айналған актерлердің бірі – Ислам Жақсылық.

ИСЛАМ ЖАҚСЫЛЫҚ, С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының актері:

— Биыл осында жұмыс істеп жүргеніме 8 жыл болды. Осы аралықта көп рөл сомдадым. Оның ішінде комедиясы, драмасы, трагедиясы – бәрі бар. Ең соңғы қойылған Гогольдің “Шинель” повесінде Акакийдің рөлін сомдап, зор жетістікке жеттім. Жаңа маусымда көрермендерді асыға күтеміз, сағындық.

Өнерді бағалаушы көрермен де маусымың ашылуын тағатсыздана күткенін, театрға деген құрметтері бөлек екенін жеткізді.

 

Севара Зияхан