Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Мемлекет басшысының Жолдауы жарияланды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игі дәстүрден жаңылмады. Бүгін елорда төрінде Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Алқалы жиында Президент ел тұрғындарына кезекті Жолдауын жариялады. Биылғы саяси маңызды басқосудың тақырыбы – “Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: Өзекті мәселелер мен оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу”. Заман игілігін пайдалану жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сол себепті, Президент Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санайды.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет. Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн. Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, экономика және басқа да мәселелер айқындалуы тиіс.

Инвестиция тарту – қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Мемлекет басшысының сөзінше, бұл бағытта жергілікті әкімдіктер мардымды жұмыс істеп жатқан жоқ. Еліміздегі инвесторлармен қарым-қатынас жүйесі бытыраңқы, қағазбастылық көп. Бұл бағытта ауқымды істер атқарылса экономикамыз дамып, жұмыссыздық саны азаяр еді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Ірі инвесторлармен қатар орта және шағын бизнеспен тығыз байланыс орнату қажет. Қаражаттың қай бағытқа, қандай мақсатпен және қанша көлемде қажет екенін нақты білуге тиіспіз. Инвенстиция тарту бойынша барлық үйлестіру жұмысы тікелей Премьер-Министрге жүктеледі.

Мемлекет басшысы Бас прокуратураның жұмысына оң бағасын берді. Заңсыз активтерді қайтарудың нәтижесінде қазынаға 850 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражатқа соңғы жылдары 10 мектеп, 4 спорт нысаны салынып, 235 денсаулық сақтау және 177 су инфрақұрылысы ғимараты жөндеу көрді. Алқалы жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық энергетиканы дамытуға бет бұру керектігін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Бір ай бұрын Алматы облысында алғашқы АЭС-ке қатысты жоба “Росатоммен” бірге жүзеге асырыла бастады. Бірақ, экономиканың тұрақты дамуы үшін бұл жеткіліксіз болып табылады. 2-ші, тіпті 3-ші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлауымыз қажет.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына айрықша көңіл бөлді. Бүгінде саланы дамытуға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Тартылған инвестицияның жалпы көлемі 2 млрд доллардан асады. Бастамалар іске асса 3 мың жерлесіміз жұмыспен қамтылады. Президенттің сөзінше, 2022 жылдан бері жалпы аумағы 23,5 млн гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ, учаскілер өңірлерде жер игерушілерге бөлініп бермеген.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Әкімдер 6 млн гектар жерді ғана жер игерушілерге бөліп берген. Әр гектар өз иесін табуы керек. Осы арқылы біз саланы қайнаған еңбектің ортасына айналдыра аламыз.

Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне қайтарылған жердің бәрін келесі жылдың ортасына дейін игеруді тапсырды. Бұл шара арқылы жайылым тапшылығы мәселесі де шешілуі тиіс. Қазіргі таңда елімізде 13 мың шақырым жол салынып, жөнделіп жатыр. Бірақ, көптеген автожолдардың бойында байланыс атымен жоқ. Егер автокөлік сынып қалған жағдайда көмек сұрап хабарласу мүмкін емес. Президент бұл түйткілге ерекше назар аударды. Сонымен қатар, отырыста тұрғын үй құрылысы саласына жасанды интеллекті енгізуге ерекше мән берілді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

— Былтыр 19 млн шаршы метр баспана пайдалануға берілді. Құрылыс сапасын арттыру үшін ЖИ технологияларының көмегімен ғимараттарды ақпараттық модельдеу әдісін кеңінен қолдану керек. Үкімет құрылыстың барлық кезеңдерін толық есепке алуды, жоспарлауды, мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін цифрлық платформаны іске қосу қажет.

Мемлекет басшысы Жолдауының соңында бір палаталы Парламент құру туралы бастаманы көтерді. Осыған байланысты 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізілетін болады.

 

Нұрасыл Ахмет