Алдағы уақытта Қазақстанды үлкен өзгерістер күтіп тұр. Мемлекет басшысы өз Жолдауында бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді. Осыған орай елімізде 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізілетін болады. Себебі, әр тұрғынның ойы аса маңызды. Бұл – әлемдік практикада кеңінен тараған тәсіл. Айта кету керек, қоғамда бұл түйткіл соңғы 20 жыл бойы айтылып келеді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Мен Сенатқа 10 жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан, маған парламенттік реформа туралы айту оңай емес.
Президентіміз 1995 жылы құрылған Сенаттың атқарған жұмысына он бағасын берді.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
— Сенат 1995 жылы елімізде күрделі әрі тұрақсыз саяси жағдай болып тұрған сәтте Парламенттің жоғары палатасы ретінде құрылды. Ол кезде мемлекеттілігіміздің негізі ендігі ғана қалыптаса бастаған аса қиын кезең еді. Өткен 30 жылда Сенат өзінің осы аса маңызды тарихи миссиясын абыроймен, тиімді атқарып шықты.
Облыстық мәслихат депутаты Ербақыт Амантайұлының сөзінше, бұл өте маңызды мәселе болғандықтан, оны асығыс жүзеге асыруға болмайды. Себебі, аталған шешім арқылы мемлекетіміздің алдағы даму жолы айқындалады. Депутаттар іріктеліп, мықтылары Парламентте қалады.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық мәслихат депутаты, СҚО ҚХА депутаттар тобының мүшесі:
— Саяси тұрақсыздық кезінде қос палаталы парламент ауадай қажет болды. Әр сұрақты сүзгіден өткізу арқылы зор жетістіктерге жеттік. Қазіргі таңда депутаттар салық төлеушілердің арқасында жалақы алып отыр. Бұл шешім осы тұрғыда дұрыс деп есептеймін.
Айта кету керек, Сенат жалпыхалықтық референдумға дейін өз жұмысын жалғастырады.
Нұрасыл Ахмет