Спорт

“Құлагер” ХК маусымдағы алғашқы ойынында жарқын жеңіске жетті

Былтырғы маусымда сүреңсіз өнер көрсетіп, басы даудан арылмаған “Құлагер” хоккей клубы жанкүйерлерін қуантты. Кеше хоккейден жоғары лига командалары арасындағы ел чемпионаты басталды. Жергілікті имек таяқ шеберлері павлодарлық “Ертіс” командасын ойсырата ұтты. Петропавлда өткен матч 5 те 1 есебімен аяқталды. Бірінші период тең дәрежеде өтті. Корттың әр бұрышында шайбаға талас жүрді. Есеп – 1:1. Екінші кезеңнен бастап алаң иелері қарсылас қақпасына шабуылды қарша боратты. Бірінен соң бірі жауапсыз төрт шайба соқты. Теріскейлік ұжым осылайша біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. “Құлагер” хоккей клубы келесі ойынын ертең дәл осы құрамамен өткізеді.