Экономика және қаржы

Инфляция қарқыны

Сенбі күні Премьер-министрдің орынбасары-ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен инфляцияға әсер ететін факторларды талқылап, оны тежеу шараларын әзірлеуге арналған кеңес өтті. Бұл туралы премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында жазылды. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, тамыз айында жылдық инфляция 12,2%-ға жеткен.

БАҒА ӨСІМІ: Қарағанды – 14,4%; Ұлытау – 13,6%; Ақмола – 13% ;Атырау – 12,8% ;СҚО – 12,6% ;Ақтөбе – 12,5 ;БҚО – 12,4 ;Астана – 12,8 ;Алматы – 12,7

Баға өсімі әсіресе Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Астана мен Алматы қалаларында байқалды. Инфляцияға коммуналдық қызметтер, көлік және денсаулық сақтау саласы көп әсер еткен көрінеді. Өңірде шілде айында азық-түлік емес тауарлардың қымбаттауы – 5,8, халыққа көрсетілетін ақылы қызметтер құнының жоғарылауы 7,6%-ды құраған. Үкімет үйіндегілер елдегі азық-түлік инфляциясының қарқыны биылғы екінші тоқсаннан бері екі есе баяулады деп отыр. Тамыз айында ол небәрі жарты пайызға жетіпті. Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың айтуынша, азық-түлік инфляциясына импорт үлесі айтарлықтай әсер етеді. Осыған байланысты импортты алмастыру бағдарламалары аясындағы шараларды күшейту ұсынылды.

Картоп бағасы көктемде 185 теңгеден аспайды

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл картоптың көлемі 2,7 миллион тонна болады деп күтілуде. 5 қыркүйекке дейін 840,2 мың тонна картоп жиналған. Жалпы жылдық қажеттілік – 2 млн тонна. Жақсы өнім көлемі күтіліп отырғандықтан, 28 шілдеден бастап картоп экспортына қойылған шектеу алынып тасталды. Сауда және интеграция министрлігі бағаны тұрақтандыру үшін Картоп және көкөніс өсірушілер одағымен меморандум жасасқан. Соған сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер әкімдіктердің сұранысы бойынша ішкі нарықты көкөніспен қамтамасыз етеді. Қараша айында өнімнің сату бағасы – 145 теңгеден, ал 2026 жылдың көктемінде сақтау шығындарын ескере отырып 185 теңгеден аспайды.