МТРА жаңалықтары

СҚО-да жылыту маусымына дайындыққа 41 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалады

Қыстан қысылмай шығамыз десек қазірден қамданған жөн. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай қаржыны талап етеді. Мысалы, алдағы жылыту маусымына әзірлік үшін 41 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалмақ. Бүгінде Петропавлдағы 2-ші жылу-электр орталығына көмір кесте бойынша жеткізілуде. Мақсат – 20 тәуліктік қара отын қорын қалыптастыру.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

— Бүгінгі таңда облыста 456 қазандық қысқа дайын. Бұл жалпы жоспардың 94 пайызын құрайды. Білім беру ұйымдары мен денсаулық сақтау саласы нысандары толықтай әзір. Ал көпқабатты үйлердің дайындық көрсеткіші – 62%. Әзірге 1453 баспананың 909-ы ғана тиісті паспортты алған. Қауырт маусым қарсаңында бірсыпыра жылу және электр желісі мен қосалқы станция жөнделді, қайта жаңғыртылды.

2-ші жылу-электр орталығындағы жаңа түтін мұржасы қыркүйектің 30-ы күні іске қосылады. Қазір өңірде көмір саудасы қызған. Алайда, халықтың белсенділігі төмен. Бұлай жалғаса берсе қыстың қарсаңында теміржол тұйықтарында кезек пен қара отын тапшылығы орын алуы ықтимал.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ, СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

— Теміржол тұйықтарында тапшылық пен дүрбелең болмас үшін халық алдын ала дайындалуы қажет. Қыркүйек айында облысқа 766 вагон қатты отын жетеді. Бұл – 52 мың 525 тонна. Таңдау бар. Солтүстікқазақстандықтар “Шұбаркөл”, “Қаражыра”, “Майкүбі” маркалы көмір алады. Әзірлікке немқұрайлы қарауға болмайды. Тұрғындарды қазірден қамдануға шақырамыз.

Қысқа дайындық – қазіргі таңдағы негізгі мәселенің бірі. Өзекті мәселені Данияр Қуанышбаев басқаратын басқарма өкілдері тұрақты бақылауда ұстамақ.

 

Мәдина Қаби