Экология

“Орман-жас-болашақ” атты облыстық семинар өтті

Айыртау ауданындағы Орлиногор орман шаруашылығында “Орман-жас-болашақ” атты облыстық семинар ұйымдастырылды. Оған өңірдегі 12 орман шаруашылығының мамандары қатысты. Арасында жастар жетерлік. Жиында жас кадрларды тарту және оларды қолдау туралы мәселе көтерілді. Орманшылардың айтуынша, бүгінде маман жөнінен тапшылық жоқ. Алайда, жастар ауылды жерге барғанымен, тұратын жер теппай қиналады екен.

ҚАЙРАТ ҚАЛЫҚОВ, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары:

— Осыдан 3 жыл бұрын орман шаруашылығында жалақы өте аз болатын. Олар кезінде 60-70 мың ғана жалақы алатын. Ал қазір жоғары білім оқу орнын оқыған, жұмыс өтілі болмағанның өзінде 250 мың теңге көлемінде жалақы алады.

Жастардың орман шаруашылығына қызығушылығы артып келеді

Әділ Тұрғынов – жас орманшылардың бірі. Есіл ауданындағы Рамазан орман шаруашылығында еңбек етіп жатқанына 2 жыл болған. Жас маманның ойынша, адам өз жұмысын сүйсе ғана қызметі табысты болады. Ең бастысы – таңдаған ісіне адал болу, тәжірибесі мол мамандардың ақыл-кеңесіне құлақ түру қажет.

ӘДІЛ ТҰРҒҰНОВ, Рамазан орман шаруашылығының орманшы-инспекторы, Есіл ауданы:

— Менің қадағалайтын жерімнің көлемі – 1290 гектар. Соған жауап беремін. Оның алдында спорт бөлімінде жұмыс істедім. Бірақ, табиғатты сүйгендіктен, осы салаға келуді шештім.

Орман шаруашылығында нәзікжандылар да қызмет атқарып жүр. Олар ер азаматтармен иық теңестіріп, табанды еңбек етеді. Мәселен, Қызылжар орман шаруашылығының инженер-орман патологы Қарлығаш Алпысованың айтуынша, олардың қарамағында 6 мың гектар жер бар.

ҚАРЛЫҒАШ АЛПЫСОВА, Қызылжар орман шаруашылығының инженер-орман патологы:

— Бізде 19 қысқа мерзімді демалыс орны бар. Сол орталық мамандарымен орманды қорғау жұмыстарын, өртке қарсы іс-шаралар жүргізіп, қауіпсіздіктің сақталуын қадағалаймыз. Адамдарға далада от жағуға болмайтындығын және басқа да сақтық шаралары жайлы түсіндіреміз.

Семинарға жарты ғасырдан астам уақыт бойы орман шаруашылығында еңбек еткен ардагерлер де қатысты. Олар жастарға-ақыл кеңес беріп, тәжірибелерімен бөлісті. 50 жылдық еңбек өтілі бар сала ардагері Балапан Тілеуғазин қазіргі заман мен бұрынғы кездің жағдайын салыстырсақ жер мен көктей дейді.

БАЛАПАН ТІЛЕУҒАЗИН, сала ардагері:

— Есіл ауданындағы Рамазан орман шаруашылығында қызмет еттім. 10 мың 396 гектар жеріміз болды. Бұрын “Красный бор” саяжайы жанымызда болған. Сол күйіп, біраз шығынға баттық.

СҚО-да 2027 жылға дейін 122 млн көшет отырғызылады

Өңірде орман алқабы 500 мың гектар жерді алып жатыр. Қазір аймақта 2021-2027 жылдарға арналған орман өсірудің кешенді жоспары іске асырылып жатыр. Осы кезеңде 122 млн көшет отырғызу көзделген. 2024 -ке дейін 50 млн-ы егіліпті. Биылғы жоспар 24 млн-нан асып жығылады. Оның тең жартысы көктемде жерге сіңірілсе, қалғаны күзде отырғызылады.

 

Мәдина Қаби