СҚО әкімдігі

Облыс әкімі Аққайың ауданының тұрғындарымен кездесті

Облыс әкімі Аққайың ауданына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесті. Басқосуға басқарма басшыларының барлығы шақырылған. Тиісінше, азаматтар өздерінің көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, жауап алады. Кездесу аталған ауданның әкімі Жанар Құсайынның есебімен басталды. Ол ауыл шаруашылығындағы жетістіктер, инфрақұрылымдық жобалар мен әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру туралы баяндады. Аққайың – алғаш аталған сала бойынша өңірдегі шоқтығы биік аудан. Диқандары 219 мың гектар алқапқа дән сіңірген. Оның 60 пайызы дәнді және дәнді бұршақты дақылдарға арналған. Еңбеккерлер бүгінгі күнге дейін біраз шаруа тындырыпты.

ЖАНАР ҚҰСАЙЫН, Аққайың ауданының әкімі:

— Диқандарымыз орақ науқанын 20 пайызға аяқтады. Орташа шығымдылық – 15 центнер. Бұны жақсы көрсеткіш деп айта аламын. Бізге тек ауа райы ғана кедергі болып тұр. Ауданда 51 мың тонна мал азығы дайындалды. Биыл майлы дақылдардың алқабын 2 есеге ұлғайттық.

Ауданда халықтың игілігі үшін біраз шаруа тыңдырылған. Аталған аймақтағы жол желісінің ұзындығы 380 шақырымды құрайды. Оның 90 пайызы – қанағаттанарлық жағдайда. 28 ауыл орталықтандырылған сумен қамтылыпты. Аудан әкімінің баяндамасы аяқталғаннан кейін кезек сұрақ-жауапқа келді. Светлана Қасымова сәуір айында өңір жетекшісінің қабылдауына жазылған. Арада 4 ай өтсе де аймақ басшысымен тілдеспеген екен.

СВЕТЛАНА ҚАСЫМОВА, Аққайың ауданының тұрғыны:

— Шілде айында маған облыстық әкімдіктен хабарласты. Тек әкімнің өзі емес, орынбасары қабылдайтынын айтты. Үміттеніп бардым, бірақ сұрақтарыма тұшымды жауап ала алмадым. 

Облыс әкімі кездесу аяқталғаннан кейін бірден кейуананы қабылдайтынын айтты. Аппарат басшысы Руслан Әлішевке қарияның мәселесін шешуді тапсырды. Жасы 70-тен асса да Қиялы ауылында жеке кәсіпкерлікпен айналысатын Күлмаш Көркееваны жарық мәселесі алаңдатады. Ағымдағы жылы аталған елді мекенде 11 күн бойы жарық болмаған. Тиісінше, дүкен тоңазытқыштарындағы заттар бүлініп, шығынға батқан.

КҮЛМАШ КӨРКЕЕВА, Аққайың ауданының тұрғыны:

— Бұл жалғыз кәсіпкерлердің емес, ауыл тұрғындарының да назы. Елді мекенде жарық сөнген кезде жөндеуші қызметкерлерді көп күтеміз. Келгеннің өзінде ұзақ жөндейді. Қазір 90-шы жылдар емес қой. Дамыған заман. Осы мәселені шешсеңіз екен деймін.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы саладағы кадр тапшылығын алға тартты. Облыс әкімі Данияр Қуанышбаевқа мәселені тез арада шешуді тапсырды. Жастарды жұмысқа шақырып, жағдайларын жасау керектігін жеткізді. Сұрақ-жауап аяқталғаннан кейін Ғауез Торсанұлы көпшілікпен аймақта атқарылып жатқан ілкімді істермен бөлісті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

— Облыста 900 млрд теңгенің 52 инвестициялық жобасы жүзеге асуда. Нәтижесінде алдағы уақытта 7 жарым мың теріскейлік жұмыспен қамтылады. Аймақта соңғы 5 жылда жалпы ауданы 1 жарым мың шаршы метр көппәтерлі баспана қолданысқа берілді. 80 мыңнан астам жерлесіміз үйлі болды. 502 ауыл таза ауыз сумен қамтылды. 3 мың шақырым жол жөндеу көріп, 50-ге жуық медициналық мекеме салынды.

Облыстағы ілкімді істерді айта берсең көп. Соңғы жылдары өңірде 7 мектеп ашылған. 215-і күрделі жөндеу көріпті. Кездесу соңында ауданның дамуына үлес қосып жүрген отбасыларға гүл шоқтары табысталды.

АЙТОЛЛА САҒЫНДЫҚОВ, Дайындық ауылының тұрғыны, Аққайың ауданы:

— Өзім – механизатормын, әйелім өмір бойы медбике болып жұмыс істеді. Балам – агроном. Еңбек адамы болғаныма еш өкінбеймін.

Аққайың ауданында 29 ауыл бар. 17 мыңнан астам адам тұрады. Орташа жалақы 300 мың теңгеге жуықтайды.

 

Нұрасыл Ахмет