Рафаил Кадыров – әлеуметтік желі жұлдызы. Оның мына видеосы қазір көпшілік арасында қызу талқыланып жатыр. №7 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі белтемірде бақандай 110 рет тартылып, еліміздегі әріптестеріне челлендж жолдады. Әзірге оның ерлігін бірде-бір ұстаз қайталамаған.
РАФАИЛ КАДЫРОВ, №7 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі:
— Белтемірде 6-шы сыныптан бастап тартыламын. Досым екеуміз бала күннен спортпен шұғылдандық. Сол мені көндірді. Мектеп бітіргесін Гуманитарлық-техникалық колледжге оқуға түстім. Студент кезде полиатлонмен айналыстым. Жаттықтырушым көп күш жұмсады, тартылу техникасын үйретті. Сол кісінің арқасында президенттік көпсайыстан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері атандым.
Екінің бірі белтемірде 110 рет тартыла алмайды. Мұның өзіндік сыры бар. Рафаил Кадыровтың сөзінше, тартылу техникасын меңгеру қажет. Сонда жоғары жетістіктерге жетуге болады. Яғни, күш екінші орында тұрады. Қазір ұстаз өзінің білген-түйгенін жоғары сынып оқушыларына үйретіп жүр.
Ал бастауыш сынып оқушыларын тәртіпке, шапшаңдыққа және шыдамдылыққа баулуда. Оны оқшылар үлгі тұтады, ал әріптестері сыйлайды. Дене шынықтыру пәні мұғалімі №7 орта мектепте 10 жылдың көлемінде еңбек етеді. Жарыстарда аталған білім ұясы мен өңіріміздің намысын қорғау жүр.
РАФАИЛ КАДЫРОВ, №7 орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі:
— Осы мектепте еңбек ете жүріп президенттік көпсайыстан өткен Әлем чемпионатына қатыстым. Бұдан бөлек те ірі додаларда бақ сынадым. Жетістіктерім жетерлік. Қолдау көрсететін әріптестеріме алғыс білдіремін. Челленджге келсек, мені 2 саусақпен 2 минуттан аса белтемірде тұрған жерлесіміз ынталандырды. Мен мейлінше көп тартылып, челлендж жолдау жөнінде ойландым. Жаттықтырушыларым қолдады. Әзірге рекордымды ешбір ұстаз бұзбады.
Білекті жігіттің мақсаты – өзінің рекордын бұзу. Қоса кетейік, Рафаил Кадыров – Мамлют ауданының тумасы.
Байболат Құлтанов