Спорт

«Qulager» хоккей академиясына балалар қабылданып жатыр

Хоккей спортының жас қырандары енді академияда тәрбиеленеді. «Qulager» атымен аталған ұйымда қазір балаларды қабылдау жүріп жатыр. Мұнда жаны спортты қалаған жеткіншектерге шайба қуалауды үйретеді. Шайбамен жарысу түгіл конькимен мұзда тұра алмаған балалар қазір мұз айдынында желдей жүйткиді.

ЯРОСЛАВ АРИСТОВ, «Qulager» хоккей академиясының тәрбиеленушісі:

Хоккеймен айналысып жүргеніме 2 ай болды. Өзіме бұл спорт түрі қатты ұнайды. Осы академияға жазылғаныма еш өкінбеймін. Жаттығулар қызықты өтеді.

Жас спортшылар мұз айдынында аптасына 6 күн жатығады. Хоккейдің қыр-сырын танып алған соң біртіндеп жарыстарға қатыса бастайды.

ВЛАДИСЛАВ СИНГАТУЛИН, «Qulager» хоккей академиясының бас жаттықтырушысы:

2013-2014 жылы туған балалар ел чемпионатына қатысады. Олардың біраз тәжірибесі бар. Себебі, мұндай жарыстарға жиі шығып тұрады. Ал 2018-2019 жылғылар биыл алғаш рет Қазақстанның Хоккей федерациясының ұйымдастыруымен өтетін тартыста бақ сынамақ.

Еске сала кетейік, «Qulager» хоккей академиясына 5 пен 13 жас аралығындағы ұл балалар қабылданады. Көп құжат жинаудың қажеті жоқ, бастысы, туу туралы куәлік пен дәрігердің рұқсаты берілген анықтама болса болғаны.

НИКОЛАЙ ШАПОВАЛОВ, «Qulager» ХК директорының орынбасары:

Біздің басты мақсатымыз – дүбірлі додаларда өңір намысын абыроймен қорғайтын жоғары дәрежелі спортшылар тәрбиелеу. Қабылданған балалардың барлығы болашағынан зор үміт күттіреді. Спортшы жарыста шыңдалады. Сол себепті, балаларды сайыстарға жиі апаруға тырысамыз. Жол шығынын өзіміз өтейміз.

Қазіргі күні хоккей академиясында 100-ге жуық тәрбиеленуші бар. Олар тек қаланың ғана балалары емес, жақын аудандардан келген.

 

Ақтолқын Солтанханқызы