Петропавлда Төтенше жағдайлар министрлігінің өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ерлер мен әйелдер арасындағы VIII кубогы басталды. Мықтылардың мықтысы жиналған жарыс “Қарасай” стадионында өтіп жатыр. Дәстүрлі дода бірнеше сайыс түрінен тұрады. Олардың әрқайсысы бойынша ұпай беріліп, жеңімпаз және жүлдегер командалар анықталады. Сонымен қатар, үздік нәтиже тіркеген спортшылардың аты-жөні қағазға түседі.
ДӘУРЕН ДАНАЕВ, бас төрешінің төрешілік бойынша орынбасары:
— Бұл турнир 4 жаттығудан тұрады. Олар: кедергілер арқылы 100 метрге жүгіру, оқу мұнарасының 2-ші және 4-ші қабаттарына көтерілу, эстафета, жолақтан өту арқылы мотопомпамен су шашу.
Кедергілер арқылы 100 метрге жүгіру жарысында жеңіске жететін спортшыны болжай алмайсың. Бұл сайыста кез келген сәтте құлауың немесе қолыңдағы жабдық түсіп кетуі мүмкін. Сол үшін қатысушы асқан шапшаң, епті болуы тиіс. Назарбек Әнуарбеков жарады. Астаналық құтқарушы жарыс жолына өзімен бірге шыққан қарсыластарын шаң қаптырып, мәреге бірінші жетті. Тіркелген уақыт 17 секундтқа таяп қалады.
НАЗАРБЕК ӘНУАРБЕКОВ, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:
— Бұл жерде 2 метрлік қоршаудан өтеміз, өрт сөндіру жеңін аламыз, оны жалғаймыз және мәреге дейін жүгіреміз. Барлығы жақсы дайындалған. Барлығымыздың қалауымыз – жеңіске жету. Мықтының мықтысы жеңеді деген ойдамын.
Өрт сөндіру-құтқару спорты өңірімізде енді дамып келеді жатыр. Қазір өзге аймақтармен күш сынаса алатын жағдайдамыз. Былтыр облыс құрамасы “Жыл жаңалығы” аталымын жеңіп алыпты.
ДӘУРЕН ДАНАЕВ, бас төрешінің төрешілік бойынша орынбасары:
— Бұл команда соңғы орындардан табылып жүрді. Ал қазір мүлде басқа жағдай. Жаттықтырушылар шақырылды, департамент көңіл бөлді, оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Осының арқасында соңғы 3 жылда облыс құрамасы 18-ші орыннан 6-шы орынға көтерілді.
4 күнге созылатын Петропавлдағы додаға 10 ерлер және 10 әйелдер командасы қатысады. 300 жуық спортшының ішінен 24 адам іріктіледі. Сол қыз-жігіттер Сауд Арабиясында қазан айында өтетін Әлем біріншілігіне қатыспақ. Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан құрамасы – үздіктердің бірі. Отандастарымыз соңғы жылдары бірінші бестіктен көрініп жүр.
Байболат Құлтанов